АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Діни ахуал діндарлардың байыпты қадамымен өлшенеді

муфтиЕгипет Араб Республикасына ресми сапары барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Мысыр мүфтиі шейх Шауқи Ибраһимнің қабылдауында болды. Кездесуге Қазақстанның Египеттегі елшісі Берік Арын мен наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты.Бас мүфтилер басқосуында екі елдің діни басқармалары арасындағы әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтеру, тәжірибе алмасу дәстүрін жандандыру, діни ілімі терең, жаңаша ойлайтын, ұйымдастыру қабілеті жоғары іскер имамдарды дайындау мәселелері талқыланды.

Шейх Шауқи Ибраһим әйгілі Әл-Азһар университеті тек мысырлық ілім ізденушілерді ғана оқытпайтынын жеткізді. «Қазақстаннан келетін жастарға университетіміздің есігі әрдайым ашық. Біз оқу-ағарту, басқа да салалар бойынша қазақстандық жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Мысыр мүфтиі.

Ержан қажы Маямеров діни басқарма ХХІ ғасыр талабына сай дін кадрларын дайындап, діни саладағы қызметті дөңгелетіп әкететін жан-жақты ілімі толысқан әмбебап имамдар тобын қалыптастыруға аса мән беріп, осы бағытта нақты қадамдар жасап жатқанын баяндады. «Біз бүгінде имам-молдаларға үлкен жауапкершілік жүктелген заманда өмір сүріп отырмыз. Кез келген елдің діни ахуалы дін кадрларының байыпты қадамы мен байсалды іскерлігінсіз тұрақтанбайтыны тағы ақиқат. Құрметті мүфти хазрет! Сізді ел игілігі мен діни ахуалды оңалту жолында бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырамын», – деді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфти мысырлық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Ол шақыру қабыл алынды.

Бүгінде еліміздің 4 имамы Каирде 3 айлық білім жетілдіру курсында оқып жүр.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

http://www.egemen.kz