ӘМ қарасты Тіркеу (регистрация) қызметі комитетінің Алматы қалалық Жылжымайтын мүлік орталығының директоры мен осындағы бес ауданның Халыққа қызмет көрсету орталығы басшыларына «пара алды және қылмыстық топ құрды» деген күдік келтіріп отыр.
Бұл жөнінде кеше Экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.Қаржы полициясы агенттігінің ақпаратында «2012 жылы шілде айының аяғында Алматыдағы жылжымайтын мүлік орталығының директоры Сейсен Оразақыновтың ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және Оразақыновтың көмекшісі Е.Асеновтың, сондай-ақ Алматы қаласындағы Әуезов, Түрксіб, Алатау, Медеу және Бостандық аудандарындағы жылжымайтын мүлік орталықтары бөлімдерінің басшылары Д.Маусымбаевтың, С.Шантиевтің, К.Қоңырбаевтың, М.Садыбаев пен А.Исабековтың осы қылмыстық топтың құрамына кіргені толық анықталды» делінген.
Қаржы полицейлері Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жылжымайтын мүліктің техникалық құжаттарын жылдам әрі ешқандай кедергісіз алуы, сондай-ақ тұрғын үйлердіің қайта өзгертілуін қысқа мерзімде заңдастыру үшін азаматтар мен ұйымдардан жүйелі түрде пара алумен айналысып келгендігін анықтады.
– Жылжымайтын мүлік орталығы аудандық бөлімшелерінің бастықтары азаматтардан және заңды тұлғалардан пара алып, соманың белгілі бір мөлшерін С.Оразақыновқа оның «кассир» қызметін атқарған сенімді көмекшісі Асенов арқылы беріп отырған. Сөйтіп, орта есеппен алғанда С.Оразақынов әр аптаның соңында Асенов арқылы 80 мың теңгеден 225 мың теңгеге дейінгі көлемде пара алған, – деп атап көрсетілген Экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұған қоса, прокуратураның санкциясы бойынша қаржы полицейлерінің 2012 жылғы қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін арнайы жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында Сейсен Оразақыновтың 1,5 миллион теңгеден астам пара алғаны тіркелді. Осы қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш күдікті қамауға алынды.