Кейбiреулер өзгенiң беделiн салып жүрiп билетiн өткiзiп, концерт қояды.Ән жаздыру, киiм тiктiру, кешiңдi өткiзетiн жердiң сахнасын безендiру – ақша. Мәселенiң бәрi қаржыға тiрелетiндiктен, оларға неге тегiн концерт өткiзбейсiң деу ақылға қонымсыз шығар. Дегенмен де эстрада әншiлерiнiң арасында елдi аралап, тегiн концерт өткiзiп жүргендер де бар. Солардың бiрi – Серiкбол Сайлаубек.
– Биылғы жылдың мамыр айынан берi елiмiздiң бiрнеше облысын аралап концерт бердiң. Тегiн. Әрiптестерiң, эстрада саласындағы кейбiр әншiлердiң ел iшiндегi концерттерi ақылы өтедi. Ауылдық жердегi концерттерге баратын “тұрақты көрермен” – мұғалiмдер. Алматы облысы, Қарасай ауданының мұғалiмi Айман Сағидуллаеваның концерт билетiн мәжбүрлi түрде алатын жанайқайы қоғамдық сананы бiр сiлкiгендей әсер етiп едi. Расында да азғантай жалақысына жырғап ас iшiп, жарытып киiне де алмайтын мұғалiмдерге, жалпы мемлекеттiк қызметкерлерге концерт билетiн күштеп сатқызу дұрыс па?
– Мен үшiн ауылдағы азын-аулақ малын пұлдап отырған ағайынның, бес-алты баласы қолына қарайтын мемлекеттiк қызметкерлердiң қалтасындағы ақшасы емес, көл-көсiр көңiлi, ыстық ықыласы, ақжарылқап батасы қымбат. Өнерде жүрген бiздердiң аузымыздан шығатын алғашқы сөз – халықтың баласымыз. Елдiң iшiнен шыққандығыңды сөзiңмен емес, iсiңмен дәлелдеуiң керек. Билетiңдi күштеп сатқанша, мәдениет үйiнiң жалға алу ақысын қалтаңнан төлеп, билеттi кассаға қой. Егер сенiң өнерiңдi халық жоғары бағалап, әндерiңдi көпшiлiк ұйып тыңдайтын болса, өздерi-ақ сатып алады. Он шақты адам келсе де концертiңдi өткiз. Зордың күшiмен жиналған көрермен алдында қалай марқайып ән айтасың?
Тегiн концерт өткiзуiмнiң себебi – уәдемде тұру. Бала күнiмде ауылымызға концерт қоюға әншiлер келдi. Бiрде концертке кiруге қаржымыз болмады. Концертке кiре алмаған достарыма сөз бердiм. “Достарым, келешекте мен де әншi боламын. Сол кезде елге тегiн концерт өткiземiн” дедiм. Сол сертiмдi орындамау екi сөйлегендiк болмай ма?
– Тегiн концерт өткiзуге қол ұшын созған жандар болған шығар.
Көңiлiмiздi өсiргенi елдiң арасында жүрегi жомарт, кейiлi дарқан азаматтар бар екен. Бiздiң тегiн концерт өткiзуге келгенiмiздi естiп көмек қолын созды. Сондай азаматтарға алғысымыз шексiз. Қонақүйге қондырмай төрiнен орын берiп, дастарқанын жайып күттi, концертiмiздiң өтуiне мейлiнше мүмкiндiк туғызды. Өзiнiң шаруасын ысырып қойып, малын қораға қамап тастап қасымызда жүрдi. Елдiң iшiнде осындай халық үшiн бәрiне даяр азаматтардың бар екенiне қуандық.
– Тегiн концерт болғандықтан, халық нөпiр болатын шығар?
– Тегiн концерттi көруге расында да халық көптеп жиналды. Қордайда концерт басталған едi, себелеп басталған жауын сiркiреп жауды дейсiң. 150-ге тарта көрермен жаңбырдан қорғанып тарап кетiп, үш-төрт көрермен ғана қалды. Екi сағат бойы малмандай су болып концертiмдi сол төрт адамға қойдым. Ертеңiне суық тиiп ұшып түстiм. Кейiн денсаулығымды қалпына келтiрген соң сол ауылға қайта барып, тұрғындарға тағы да тегiн концерт бердiм. Көздеген мақсатымнан нәтиже шықпаса, екiншi мәрте қайта қолға алам. Жауынның салдарынан концертiмдi көре алмаған елге қайыра барғандағы мұратым – халықтың бәрi тамашаласа деген ой.
– Елiмiздiң бiрнеше аймағын аралап тегiн концерт өткiзгенiңдi айттың. Ендi Алматы, Астана секiлдi iрi мегаполисте концерт өткiзсең тегiн бола ма әлде сарайларды жалға алатындықтан, ақылы өткiзесiң бе?
– Сенсеңiз, мен Республика сарайы сынды сахнада ән айтсам өзiме-өзiм сыймай, қысыламын. Далада, ашық алаңда кең тыныстап ән шырқағанды қалаймын. Болашақта Республика сарайында ма концерт беру жоспарда бар. Мұны да тегiн өткiзсем деп армандаймын. Жалға алу ақысын қалтамнан төлегенiммен, концертке көрермендер тегiн кiредi. Алдыңғы қатарда мүгедектер, балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi отырады. Ал жағдай жақсы, төрт құбыласы түгел бай-бағландар соңғы қатарда, балконнан тамашалауы мүмкiн.
– Бала күнiңде бокс үйiрмесiне жазылып, көзiңнен жарақаттанған соң доғарған екенсiң.
– Үйде ұлдан жалғызбын. Менiң алдымда төрт қыз туғанда әкем Аллаға жалбарынып, “көзi соқыр болса да бiр ұл бер” деп тiлептi. Өмiрге келгенде салмағым 5,2 келi болған екен. Тоныммен туған менiң ерекшелiгiмдi тоқсандағы әжемiз аңғарып, “болашақта елдiң баласы болады” деп айтыпты. Әкемнiң тiлегi қабыл болды ма, сол көзiм туабiттi көрмейдi. Боксқа қатысамын деп оң көзiмнен жарақаттан емделудiң нәтижесiнде жазылды. Алыстан көру қабiлетiм тым нашар болғандықтан, үнемi көзiлдiрiк тағамын. Кейбiреулер мұны сән үшiн тастамайды деп түсiнетiн көрiнедi.
– Кiтап оқу өз алдына ел iшiндегi қариялармен әңгiмелескеннен мол рухани нәр аламын. Қарттардың көкiрегi – қазына. Солардың етегiн баса отырып әсерлi әңгiмелерiн тыңдағаннан шығар көп мақал-мәтел, қанатты сөздердi бiлемiн.
– Жұлдыз ауруы да қазақ эстрадасындағы жастарды тым меңдеп алды.
– Өзгенi қайдам, өзiмiз халықтың арасынан шыққандықтан, елдiң iшiнде болғанды қалаймыз. Ауылға, аудан, облыс орталығына, iрi қалаларға концерт қоюға барғанда қонақүйге емес, алдымен мешiтке барып құран оқытып, дұға тiлеймiз. Бес жұлдызды қонақүй, жарқыраған мейрамхана iздемей-ақ өзiмiзге қолайлы мекен табылса, түстенемiз. Танығандары қолтаңба сұрайды, суретке түседi. Үлкен кiсiлер өркенiң өссiн деп қолымды қысып, батасын бередi. “Батамен ер көгередi” дейдi. Халықтың батасын алғаннан өркендемесек, жаман болып жатқан жоқпыз. Сондықтан танымалмын, өнер адамымын деп өзiмдi айналамнан биiк санау мен үшiн мүлде жат. “Адамнан сұрасаң мұрттай ұшасың, Алладан сұрасаң құстай ұшасың” дейдi халық даналығы. “Су тасыса – он күн, ер тасыса – он жыл” дегендi ұмытпау керек. Бұл өмiрде бәрi де өтпелi: бүгiн бар, ертең жоқ. Бес күндiк жалғанда мен жұлдыз екенмiн деу – ақымақтық.
Сұқбатасқан Қ.Ұпан,
Алматы қаласы.
http://zhasalash.kz/