“Расында, бренд“. Ауғандар Қазақстанның ұны туралы не дейді?
Алматыға Ауғанстан өкілдері мен саудагерлер келді. Massaget.kz тілшісіне Ауғанстанның астық шаруашылығына жауапты өкілімен сұхбаттасуға мүмкіндік туды.
Хафизолла Файз — Ауғанстанның тұқым шаруашылығы қауымдастығының президенті. Бұл қауымдастық Ауғанстандағы тұқым өндірісімен, әсіресе бидай тұқымы өндірісімен айналысатын барлық компанияға жетекшілік етеді. Қауымдастыққа қарасты 130-дан аса компания ауған шаруаларына арнап, сапалы тұқым шығарады.
Ауғанстан тауарлары көрмесіне ресми өкіл ретінде қатысқан Хафизолла Файздан Қазақстанның ұны туралы сұрадық.
«Ұн бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Бағасы да көңілге қонымды. Бұрын Пәкістан бірінші орында тұратын. Өзіміздің жергілікті адамдар да өндіреді. Дегенмен, әрине, бірінші орында Қазақстанның ұны»», — деді Хафизолла Файз.
Бұған дейін Massaget.kz Ауғанстанға жеткізілетін Қазақстан ұнының сапасы нашарлап кеткені, делдалдар Қазақстанның ұнына сапасы нашар ұнды қосатыны жөнінде ақпарат алған еді. Бұл ақпарат қаншалық рас екенін ауған өкілдерінің өзінен сұрадық.
Хафизолла Файздың сөзінше, расында да, наубайшылар Ауғанстан ұны мен Қазақстан ұнын араластырады. Өйткені сонда ғана жақсы сападағы нан шығара алады, оған қоса бір ғана ұнмен нан дайындауда қиындық туындайды екен.
«Бір мәселе бар. Тек Қазақстанның ұнынан пісірілген нан тез кеуіп кетеді, ұзақ уақыт жұмсақ қалпын сақтамайды. Нан пісіретіндер осындай мәселеге тап болады. Сондықтан ұзақ уақыт жұмсақ болып тұруы үшін екі елдің ұнын араластырады», — деді ол.
Ауғанстанға жеткізілетін ұнның үш сорты бар: жоғары сапа, орташа, ортадан төмен.
«Бұл қай сорты жеткізілгеніне де байланысты. Әзірше мұндайды (делдалдар нашар ұнды араластырады деген ақпаратты — еск.) естімедік. Алайда ең сапалы сорттағы ұнды алсақ та Ауғанстанның ұнымен араластырамыз», — деді ол.
Қазақстан — Ауғанстан нарығына ірі азық-түлік жеткізушісі. Қазақстандық экспорттың ең үлкен үлесі ұн мен бидайға тиесілі. 2022 жылы Ауғанстан 1,28 миллион тонна қазақстандық ұнды импорттап, Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар осы өнімді тұтынушы негізгі үш ел арасында көш бастады.
Ауған өкілдері өздерінде ұн тапшылығы бар екенін айтады. Бұл олардың жер ерекшелігіне де байланысты, өйткені Ауғанстанның басым бөлігі — таулы аймақ, шаруашылыққа жер де, ресурс та жетпейді.
Ауған өкілі есесіне бұл мәселені болашақта Қазақстанмен бірлесіп шешкілері келетінін жеткізді. Хафизолла Файздың айтуынша, қауымдастық тұқым өндірісі бойынша халықаралық ұйымдардың сертификаттарын алған, ұзақ жыл зерттеу жүргізген әрі жоғары сапаға ие.
«Бұл — ұзақ процесс. Бірақ болашақта Ауғанстанда шығарған тұқымды Қазақстанға әкеліп, өсіріп, кейін қайта Ауғанстанға жібергіміз келеді. Сондай-ақ бізде шыққан тұқымды Қазақстанда да қолдана алу үшін осы жақта да қалдырғымыз келеді. Қазақстанның жер аумағы үлкен, топырағы да құнарлы. Дегенмен бұған зерттеу жүргізіп, ауа райын бақылау қажет. Әзірге жоспар», — деді ол.
Ауған халқының қазақтың ұнына ғана емес, сұйық майы, көкөнісі, соның ішінде жуасы, сарымсағына сұранысы жоғары екен.
«Сарымсақ маусымы бітті, енді жуа маусымы басталады», — деді Ауғанстан өкілі.
Биыл жыл басында Алматы облысының фермерлері пияздың қолда бар қорын сатуда қиындық бар екенін айтты, ал Сауда комитетінің өкілдері пиязды Ауғанстан секілді елдерге экспорттауды ұсынды.
Сөз соңында олардан ауған халқының Қазақстан туралы көзқарасын сұрадық.
«Ауған халқы Қазақстанды дос санайды, сондықтан Ауғанстан мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас болғанын қалайды. Қазақстан — стратегиялық жағынан дос мемлекет. Барлық салада жақсы қарым-қатынас болғанын қалаймыз, оның ішінде саяси жағынан да, сауда жағынан да. Біз өндіретін тауарларды Қазақстан ала алса, қазақ тарапы өндіретін тауарларға біз қол жеткізгіміз келеді», — дейді ол.
«Өздеріңіз білесіздер, Ауғанстанда ұзақ жыл дағдарыс, соғыс болды. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан әрқашан жақсы, достық, жылы қарым-қатынаста болды. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ, болғанын да қаламаймыз, біз үнемі тату қарым-қатынас қана көрдік. Қазақ халқы әр ауғанның жүрегінде терең орын алады. Мұны Қазақстанда тұрғасын айтып тұрған жоқпын, бұл — шындық. Ауғанстан Қазақстанға сенеді», — деп аяқтады ол әңгімесін.