«Ауыл болып қайғырып жатырмыз»: Атырауда су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен итті атып тастаған
Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен Пшөн есімді итті белгісіз біреулер атып өлтірген.
Иттің иесі Зәмзагүл Жанабаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне мән-жайды айтып берді.
«Біз Сарытоғай ауылында тұрамыз. 28 қарашада түскі ас ішіп отырған кезімізде ит сыртқа шығып кеткен.
Аулада жоқ екенін байқағаннан кейін іздей бастадық. Бір кезде үйге қарай қашып келе жатыр екен. Жаралы. Жолдасым бірден көмекке жүгірді, бірақ кеш еді. Бұл Пшөннің өмірінің соңғы секундтары екен. Жолдасым денесінен шприцты алып шыққанымен, у тарап кеткен», — дейді иттің иесі.
Зәмзагүл Жанабаеваның айтуынша, су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен итінің өлтірілгені туралы ақпарат тек отбасы мүшелерін емес ауыл тұрғындарын да есеңгіреткен.
«Пшөнді ауыл болып жақсы көретін еді. Көрген адамның бәрі құшақтап, ерекше ықылас танытатын. Өйткені ақылды, бауырмал ит болды. Отбасымыздың бір мүшесі болып кеткен еді. Бір куәгердің айтуынша, ит ататындардың көлігі біздің итіміздің артынан қуып жүріп атқан», — дейді Зәмзагүл.
Махамбет ауылдық округінің әкімі орынбасары Алшынбек Мұқанғалиевтың айтуынша, қазіргі кезде иттердің ұйығуы кезеңі басталғандықтан, қараусыз қалған иттерді аулау жұмыстары күшейтілген.
«Су тасқыны кезінде танымал болған ит ауылда жүргізіліп жатқан шара кезінде атылған болуы мүмкін», — дейді ол.
Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі мамандары да осы жайтқа түсінік берді. «2024 жылғы 28 қарашада Махамбет аудандық ветеринариялық станцияның ветеринарына тұрғындардың бірі ауласында бөтен үш ит қараусыз жүргенін және үйіне кіре алмай тұрғанын хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен мамандар иттерге ұйықтатын оқ (дротик) атқан. Екі ит ұйықтатылады, үшіншісі өзенге қарай қашып, белгісіз жағдайда қаза болады», — делінген ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлері ветеринариялық станция мамандарының әрекетінің заңдылығын тексеріп жатыр. Нәтижесі белгілі болған соң тиісті шаралар қабылданбақ.
«Айта кету керек, үй жануарларын ұстау және серуендету ережесіне сәйкес, ит иесі үй жануарын қоғамдық орында ұзындығы екі метрден аспайтын қарғыбауда (поводок) серуендетуі қажет. Иттерді еркін серуендету арнайы серуен орындарында немесе жаттығу алаңдарында ғана рұқсат етіледі», — делінген хабарламада.