Астанада «Volunteer FEST-2024» еріктілерді марапаттау фестивалі өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы.
Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет», — деп қадап айтқан болатын. 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылдады. Бұл заң алғаш рет елімізде волонтерліктің тұрақты, жүйелі дамуының іргетасын қалады деуге болады. Осы орайда, кеше Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күні қарсаңында «Volunteer FEST-2024» марапаттау фестивалі өтті.*
Фестивальде елорданың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан 70 волонтерлік ұйым мен бастамашыл топ марапатталды.
Ұйымдастырушылар – Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы.Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының жетекшісі Самат Ыбраевтың айтуынша, қазір елордада 6 мыңнан аса адам шоғырланған 70 волонтерлік ұйым бар.
«Біздің еріктілер жоғалып кеткен адамдарды іздеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуге белсенді қатысады. Сондықтан біз волонтерлерді де, волонтерлік ұйымдарды да зор қошеметпен құттықтап тұрамыз. Мұндай іс-шараны жыл сайын ұйымдастыруға тырысамыз. Көктемде Солтүстік өңірлерді су басқанын еске түсірейікші. Мысалы, сол кезде көптеген астаналық тұрғын өз еркімен су тасқынынан зардап шеккендерге жанашырлық танытып, волонтер болды. Олар жылы киімдер, қайық, тағы басқа да керек-жарақтарды жеткізіп берді. Көмек қолын созған ірі ұйымдар да болды, олар көлікпен қамтамасыз етті», — Самат Ыбраев.
Биылғы марапаттар 7 номинация бойынша табысталды.
Әлеуметтік волонтерлік номинациясы бойынша 21 волонтерлік ұйым марапатталды. Атап айтсақ, «Dobro.qz» бастамашыл волонтерлар тобы, «Strong mothers» қоғамдық қоры, «Мейірімді жандар» волонтерлік қозғалысы, «Клуб Добряков Астаны» қоғамдық қоры, «Мама Про» әлеуметтік әлсіз әйелдерді қолдау және дамыту қоры» қоғамдық қоры.
Медицина саласындағы волонтерлік – «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Инклюзивті волонтерлік – «MikaSun» бастамашыл волонтерлар тобы, «Erekshe Alem» қоғамдық қоры, Мүгедектігі бар кәсіпкерлерге жәрдемдесуді ұйымдастыру жөніндегі «Болашақ» қоры, Астана қаласының «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Батыр» қоғамдық бірлестігі.
Экологиялық волонтерлік – «Мы за чистую страну» экологиялық қоғалысы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ экологиялық волонтерлік клубы.
Төтенше жағдайлардағы және жоғалған адамдарды іздестіру волонтерлігі – «Волонтеры Астаны LIDER.KZ» қоғамдық бірлестігі, «QANAT волонтерлік қозғалысы» бастамашыл тобы, «Астана» ерікті іздеу жасағы.
Қоғамдық тәртіп волонтерлігі – «Skoda club Astana» автоклубы, «Brat_za_brata_001» автоклубы.
Event волонтерлік — «Путь мастерства» қоғамдық қоры, «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қоры, Сервис және туризм колледжі ШЖҚ МКК жанындағы «Ашық жүрек» волонтерлар клубы, «AITU VOLUNTEERS» жобалық кеңсесі, «Тұран Астана Volunteers» волонтерлар штабы.
Жыл волонтеры марапатына ие болған «Мейірімді жандар» еріктілер тобы мен соның негізін қалаушы әрі жетекшісі Динара Ыдырысова мұндай құттықтау фестивалі көңілді марқайтатынын айтты.
«Еріктілер бас қосатын уақыт осы еріктілер күні ғой. Ерікті деген кім? Олар ешқандай жалақы алмай, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізіп жүрген адамдар ғой. Елге, жерге, осы қалаға қызмет етуден біз шаршамаймыз, тынбаймыз. Масылдықты жою үшін әлеуметтік жұмыс атқарамыз. Еріктілер қозғалысын ұйымдастырғанымызға 5 жылдай болып қалды. Біздің қарамағымызда 100 отбасы, 535 бала бар. Осал топқа жататын жалғызбасты және көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған аналар бар, бұл отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Шілде айында қорытынды есебін шығарғанда, мыңдаған отбасы бізден көмек алды», – Динара Ыдырысова.
Атап өту керек, 2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін», – деді.
Еріктілердің құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарлама барысында сахнада Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетті, оның ішінде: Зарина Омарова, Бейбіт Қорған, Гүлнұр Оразымбетова, Әмре.
Сондай-ақ волонтерлерге және олардың еңбегіне арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА