Gucci, Chopard, Cartier: Перизат Қайраттан тағы не тәркіленді?
Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың тағы қандай мүлкі тәркіленгенін жариялады, — деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып .
Қоғамдық қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Қаржылық мониторингі агенттігі мәліметінше, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ, Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдікке ілініп отыр.
Агенттік мәліметінше, тәркіленген бүкіл зергерлік бұйымның бағасы 70 миллион теңгеден асады. Кейбір әшекейлерінің құны 10 миллион теңгеден басталады, Rolex сағаты шамамен 7 миллион теңге тұрады.
Тәркіленген сөмкелердің жалпы құны 110 миллион теңгеден асады. Оның ішінде 2 миллион 500 мың теңге тұратын сөмке де, 14 және 25 миллион теңге тұратын сөмкелер де бар.
Айта кетейік, Перизат Қайрат — Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.