Қаржаубайдың шаңырағы шайқалып тұр
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз — Қазақстан Республикасының Конституциясының заңды кепілісіз!
Конституциясының бірінші бабы: “Еліміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп жазылған.
Талғардағы Қаржаубайдың шаңырағына жасалған қастандықтан адамдардың өмірі қиылды, құқтары бұзылды, бостандықтарынан айырылды.
Бұл — Қазақстан Респубилкасының Конституциясына қарсы істелген қылмыс болып саналады. Әділетсіздік халықтың билікке деген наразылығын тудырды. Бұл жағдайды қолдан ұйымдастырып отырған топ болуы мүмкін…
Әділетсіздіктің соңы наразылыққа, наразылықтың ақыры толқуға, толқудың түбі төңкерліске әкеліп соғуы мүмкін..!
Бұл — Тәуелсіздікке үлкен қатер! Сондықтан да өз ұсынысымды сізге жолдағанды жөн санадым.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҚАСІРЕТІ
1. Қаржаубай Нұрымовтың 16 жасар ұлы Шерзатты ұйымдасқан қарақшы топ ата-анасының көзінше пышақтап, қорлап өлтірді.
Шерзатқа араша боламын деген Қаржаубайдың туған інісі Нұрқанат (марқұм) сол кезде пышақ жарақатымен ауруханаға түсті.
2. Шерзаттың жетісі өткен күні Қаржаубайдың шаңырағын қарақшылар өртеп жіберді. Қылмысқа 2 ай өтсе де полиция қылмыскерлерді ұстаған жоқ.
3. Сотқа санаулы күн қалғанда Қаржаубайдың бауыры Нұрқанат қаза тапты.
Нұрқанат соттағы басты куәгер болатын. Басты куәнің өлімі біреулерге қажет болуы мүмкін…Басты куәгер Нұрғанатты қорғап жүрген полиция не қарап жүрді!?
4. Қаржаубай баласынан, бауырынан, баспанасынан айырылды. Қайғыдан қан жұтты, жүрегі жараланды, жүйкесі әбден тозды. Әділетсіздікке әбден ашынған азамат жанайқайын сіздерге жеткізгісі келді.
Айқайлады, әділдік сұрады, көліктің үстіне шықты.
Бірақ ешкімге зиян тигізген жоқ. Билік психолық алдырып, ашынғанды сабырға шақырудың орнына, қарулы жасақ шақырды.
Мақсаттары — Қаржаубайды да, халықты да, ашындыру, арандату, қорқыту.
Сот “әкімшілдік заңын бұзды” деп Қаржаубайды 15 күн абақтыға қамады.
Қаржаубайды түрмеге қамағаны аздай, оның апасын, күйеу баласын қоса түрмеге жауып, қарындасына айыппұл салды. Қаржаубай ең болмаса бауырының садақасын да өткізе алған жоқ.
Үйін өртеген, бауырын өлтірген қылмыскерлер бостандықта, ал Қаржаубай тумаластарымен түрмеде жатыр. Сол әділдік пе?!
Халық бәрін көріп, біліп, естіп ашынып отыр.
Мүмкін халықты желтоқсанда ашындыру, арандату біреулерге қажет болар..!
Сонда Қаржаубайдың отбасы түрмеге қамайтындай қоғамға қауіпті қылмыскерлер ме? Жоқ!
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ОТБАСЫ
Қаржаубайдың әулеті ақ жүректі, ақ ниетті, ақ халатты абзал жандар.
1. Қаржаубай Нұрымов 20 жылдан бері өмірін медицинаға арнаған білікті дәрігер.
Ол 2023 жылдың 5 қаңтарында қар астында қалған 25 адамды құтқарған батыр.
2. Қаржаубайдың жары Гүлбара Бишембиева медбике.
3. Қаржаубайдың бауыры Нұрғанат Гайпбаев 10 жылдан астам уақыт фельдшер.
2021 жылы жанып жатқан ұшақтан екі әскериді құтқарып қалған батыр. ( қыршын кетті)
4. Қаржаубайдың туған әпкесі Салтанат Нұрымова мен қарындасы Перизат Нұрымова да 10 жылдан астам уақыт медбике болып халыққа қызмет етіп келеді.
Қаржаубайдың отбасы халыққа қайыры тиіп, елдің алғысын алып жүрген ақ халатты адал жандар.
Қаржаубай баласы өліп, баспанасы өртеніп, жаны күйіп жатқанда да халықты көшеге шықпаңдар деп сабырға шақырды.
Қарапайым халықтан ақша жинамаймын деп елдің көмегінен де бас тартты.
Олар отбасымен өте сабырлы, парасатты, білімді текті адамдар. Қылмыскерлер емес!!
Құрметті прездент мырза!
СІЗДЕН СҰРАЙТЫНЫМЫЗ
1. Шерзаттың соты ашық, халықтың көз алдында өтсін!
2. Шерзатты өлтіргендерге ең ауыр жаза қолдансын!
3. Шерзатты өлтіруге қылмыскерлер мен бірге келген 2 әйел де заң алдында жауапкершілікке тартылсын!
4. Қаржаубайдың үйін өртегендерді тез арада тауып, заңмен жазасын алсын!
Қаржаубайға моральдық, материалдық шығынын өтесін!
5. Нұрқанаттың өлімі жан-жақты толық тексерілсін. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін шетелден арнайы білікті мамандар шақыру қажет.
6. Қорғалуға тиісті куәгер Нұрқанатты қорғамағаны үшін полиция қызметкерлерінің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексi
371-баппен қылмыстық іс қозғалсын.
Олар заң алдында жауапқа тартылсын.
7. Қаржаубайдың өзін және түрмеде жатқан бауырларын түрмеден босатсын.
Қаржаубайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылсын.
8. Қаржаубайдың апасы Салтанат Нұрымоваға Қазақстан Республикасы азаматтығы берілсін!
Елден шығарылмасын, бауырларының, анасының қасында қалсын!
9. Қаржаубайдың отбасын, тумаластарын Талғарға қалдыруға болмайды.
Қауіпсіз өздері қалаған қалаға тегін үй беріп көшірсін.
10. Барлық қылмыстық топтың артында көрінбей тұрған тұлғаларды ұстасын.
11. Қаржаубайға жала жауып, әлеуметтік желілер арқылы психологиялық шабуыл жасап жүргендер заң алдында
жазалансын!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Бұл — Қаржаубайдың отбасындағы қасірет емес, Қазақстан азаматтарын қорқытып, үрейде ұстап, елді билікке айдап салу үшін жасалып жатқан әрекет.
Егер де бұл жағдайға бүгін қатаң шара қолданбасаңыз, ертең кеш қаламыз!
Ұсыныс бізден, нақты шара қолдану сізден болсын!
Құрметпен Жәнібек Қожық
Маңғыстау облысы
Онды ауылы
14.12. 2024 ж
Abai.kz