Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?
Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты шұғыл мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіене сілтеме жасай отырып .
Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді.
«Әзірге ештеңе белгісіз, 14 жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шықты. Республикалық штаб құрылды. Оқиға орнына вице-министр ұшып кетті, ал басқа вице-министр мұндағы жұмысты үйлестіріп жатыр. Қазір санавиация борттары апат орнына ұшуға дайындалды. Жарақаттану, нейрохирургия саласының мамандарын жіберіп, қажет болған жағдайда зардап шеккендерді эвакуациялаймыз», – деді Әлназарова Мәжіліс дәлізінде.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі.
Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.