«Lenina 36»: Әлеуметтік желілердегі сыннан кейін алматылық кафе атауын өзгертті

Алматы орталығында ашылғалы жатқан жаңа кафе ресми ашылмай жатып-ақ әлеуметтік желілердің қызу талқысына түсті.

Бұған себеп — Lenina 36 атауы, ол Достық көшесінің бұрынғы атауына сілтеме жасайды, деп хабарлайды altyn-orda.kz Tengri Life-қа сілтеме жасап.

Көптеген қолданушылар бұл атауды кеңестік дәуірді романтизациялау әрекеті деп қабылдады. Ал өзгелері мұндай атаудың қазіргі Алматының келбеті мен ұлттық болмысына сай келмейтінін сынға алды.

Талқылау алдымен Threads платформасында басталып, басқа да әлеуметтік желілерге тез тарады. Кафе ресми түрде ашылмағанына қарамастан, карталар мен пікір алаңдарында теріс бағалар пайда бола бастады.

Кафе өкілдері атауда ешқандай саяси астар болмағанын, оның мақсаты ескі Алматының атмосферасын жеткізу болғанын мәлімдеді.

Алайда әлеуметтік желілердегі резонанстан кейін жоба командасы атауды өзгерту туралы шешім қабылдағанын хабарлады:

«Біз бұл атауға саяси немесе жеке астар салған жоқпыз. Дегенмен, ол біреуге жағымсыз әсер етсе — бұл біз үшін өкінішті. Біздің жоба — дәмді ас, қонақжайлылық пен жан жылуы жайлы. Барлық пікірге құрметпен қарап, атауды өзгертуге шешім қабылдадық», — делінген ресми мәлімдемеде.

Кафенің жаңа атауы әзірге жарияланған жоқ.

ТегтерThreadsкафе