Жұмыс берушілермен кездесу өтті

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен “Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге арналған жоба” аясында Жетісу ауданы Пробация бөлім қызметінде жұмыс берушілермен кездесу өтті.
Кездесу мақсаты – жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға оралуына, олардың қайта әлеуметтенуіне, тұрақты өмір сүру салтын қалыптастыруына және еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсету. Іс-шараға пробация есебінде тұрған азаматтар, пробация қызметінің инспекторлары, әлеуметтік сала мамандары, сондай-ақ жұмыс беруші ретінде шақырылған «Алматы Электростанция» зауытының бас маманы – Бейсенбеков Асылбек қатысты. Бұл — қоғам мен жеке сектор арасындағы өзара байланысты нығайту арқылы әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық қолдауды арттыруға бағытталған нақты қадам.
Кездесуде Жетісу ауданы Пробация бөлім қызметкерлері пробациялық бақылаудағы азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ олардың қоғамға бейімделуіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде кеңінен баяндап берді. Қазіргі уақытта Қазақстанда пробация жүйесі арқылы көптеген азаматтар әлеуметтік қолдауға ие болып, қайта қылмысқа бармай, қалыпты өмірге оралу мүмкіндігін алуда. Шара барысында жұмыс беруші ретінде шақырылған маман өз зауытында жұмыс күші қажеттілігі туралы айтып, нақты бірнеше бос жұмыс орындарын ұсынды. Ол сондай-ақ жұмысқа орналасқысы келетін азаматтарға қойылатын талаптарды, еңбекақы көлемін және әлеуметтік жағдайларды атап өтті. Бұл бастама — жазасын өтеген азаматтардың жаңа өмір бастауына, табыс тауып, отбасына қамқор болуына және қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына үлкен мүмкіндік.
Кездесу еркін форматта өтті. Пробация есебіндегі азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмыс берушімен тікелей пікір алмасты. Кейбір қатысушылар жұмысқа орналасуға ниет білдіріп, қажетті құжаттарды дайындау үшін арнайы бағыт-бағдар алды. Жетісу ауданы прокуратурасының прокуроры Нурислам Оразғали жұмыс берушілермен өткен кездесуде пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше тоқталды. Ол бұл санаттағы адамдарға мүмкіндік беру — тек олардың ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына жасалған инвестиция екенін атап өтті. Прокурор жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілік танытып, пробация қызметіндегілерге жұмыс беруге шақырды. “Әр адамға екінші мүмкіндік берілуі тиіс,” — деді Нурислам Оразғали өз сөзінде. Кездесу барысында ол пробациядағы азаматтардың қоғамға оралуына жағдай жасау арқылы қылмыстың алдын алуға болатынын жеткізді. Жиын мазмұнды өтті, қатысушылар өзара пікір алмасып, нақты ұсыныстар айтты. Мұндай кездесулер – тек ақпарат алмасу емес, сонымен қатар әлеуметтік бейімдеу мен адами қарым-қатынастың маңызын арттыруға арналған диалог алаңы. Бұл азаматтардың қоғамға жатсынбай, қайта бейімделуіне, өз орнын табуына септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, бүгінгі өткен кездесу — қоғамда әділеттілік пен мейірімділікті қатар ұстанатын, адам тағдырына бейжай қарамайтын көзқарастың жарқын көрінісі. Әлеуметтік ортада тұрақты өмір сүруге бейімделу – жазасын өтеген әрбір азаматтың құқығы. Ал біз – мемлекет, қоғам, жұмыс беруші және әлеуметтік құрылым өкілдері ретінде осы жолда біріге жұмыс істеуге міндеттіміз.
