FlyArystan рейс FS7162-дегі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады: «Қазақ тіліне әрдайым құрметпен қараймыз»

FlyArystan әуе компаниясы Түркістан халықаралық әуежайында FS7162 рейсіне отырғызу барысында болған оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Оқиға Түркістан халықаралық әуежайының отырғызу аймағында тіркелген .
Жолаушы тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан және қозғалысы шектеулі азаматтарға басымдық берілгендіктен, уақытша бортқа жіберілмегеніне наразылық білдірді.
Ол әуежай қызметкерін келісімінсіз видеоға түсіре бастады.
Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, түсірілімді тоқтатпай, деструктивті әрекетке барып, қызметкерді итеріп жіберген. Кейін талаптарды елемей, отырғызу талонын көрсетпестен ұшаққа кіріп кеткен.
Белгіленген тәртіп бұзылғандықтан және жолаушы агрессивті мінез көрсеткендіктен, авиациялық қауіпсіздік қызметі мен полиция шақырылды. Жағдайды бәсеңдету үшін FlyArystan-ның жерүсті қызметінің өкілі ұшақ бортына кіріп, жолаушыға мінез-құлық ережелерін және заң бұзушылықтың салдарын түсіндірді.
Таралған бейнематериал толық жағдайды ашпайды: әуежай агенті түсірілген жазбаны өшіруді сұраған сәт жанжалды реттеуге бағытталған еді.
Компания жолаушыларға әркім өз іс-әрекеті үшін жеке жауапты екенін және айналасындағыларға құрметпен қарау керектігін ескертеді.
Ережелерді сақтау – қауіпсіздік пен жайлылықтың басты кепілі.
Қазақстандағы алғашқы лоукостер ретінде FlyArystan қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайды және жолаушыларға мемлекеттік тілде де, өзге тілдерде де қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Компания әрбір жолаушының өзін жайлы сезінуіне және сапар барысында барлық қажетті ақпаратты толық түсінуіне баса назар аударады.
