Гүлмира Әбіқай: Қазақстандағы жол бойындағы дәретханалардың жағдайы адам шошырлық

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы–Бурабай бағытымен сапар кезінде кездескен қоғамдық дәретханалардың жағдайын сынға алды, деп хабарлайды  Altyn-orda.kz.

Оның айтуынша, Балқаш маңындағы алғашқы аялдамада әйелдерге арналған орын мүлде болмаған.

Ал @royalpetrol.kz жанармай бекетінде дәретхананың бағасы – 100 теңге, бірақ кезекте жүздеген адам тұрды, байланыс та жоқ болғандықтан QR-кодпен төлеу мүмкін болмаған. Қарағанды маңындағы Qazaq Oil бекетінде су да, ашық дәретхана да жоқ, халық бұтаның арасына баруға мәжбүр.

Журналист көптеген ЖМҚС-да арнайы тазалықшының қарастырылмағанын, дәретханаларды кассир-оператор қыздардың өздері тазалайтынын атап өтті. «Күніне миллиондап пайда табатын станса иелері неге бір тазалықшыға жалақы төлеуге қимайды?» – дейді ол.

Әбіқай сондай-ақ ақылы жолдар мен салықтан түсетін қаржы қарапайым инфрақұрылымға – дәретхана, кэмпинг, мотель салуға жұмсалмайтынын сынға алды. Оның пікірінше, бұл – санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы ғана емес, халық денсаулығына қауіп төндіретін фактор.