Қазақстанда күнбағыс майы қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда күнбағыс майы қымбаттау қаупі туындады. Мәжілісте күнбағыс дәнін экспортқа шығаруға салынған баж салығын алып тастау бастамасы талқылануда. Өңдеушілердің пікірінше, бұл ішкі нарықтағы бағаны тұрақсыздандырып, литрін 1 200 теңгеге дейін қымбаттатуы ықтимал, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
ФАО деректері бойынша, 2023 жылдан бері әлемде күнбағыс майы шамамен 40%-ға қымбаттағанымен, Қазақстанда баға 730 теңге деңгейінде ұсталды. Бұл өңдеушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы меморандумның арқасында мүмкін болды.
Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығы экспорттық бажды алып тастау шикізаттың сыртқа кетуіне, ал ішкі өңдеу қуаттарының 40%-ға дейін бос тұруына әкелетінін айтады. Сонымен қатар, елде күнбағыс егістігі артып келеді. Өңдеушілер депутаттардың бастамасын ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер деп санайды.
