Профессор Шакир Ибраев Ясауи университетіне 3000 сирек кездесетін кітап сыйлады

Түрколог, «Парасат» орденінің иегері, профессор Шакир Ибраев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің кітапханасына өзінің жеке қорындағы үш мың кітапты тарту етті. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп жазады Altyn-orda.kz.

Жинаққа Ибраевтың өз еңбектерімен қатар, оның ғылыми қызметі барысында жинаған сирек басылымдары да кірді. Олардың арасында авторлардың қолтаңбасы қойылған кітаптар, 1930–1940 жылдардағы басылымдар, түркі және шығыс тілдеріндегі энциклопедиялар мен сөздіктер, сондай-ақ философия, тарих, өнер, филология және басқа да ғылым салаларына арналған әдебиеттер бар.

Кітаптар университет кітапханасына өткізіліп, сұрыптау және каталогтау жұмыстары аяқталды. Енді олар студенттер мен зерттеушілердің қолжетімді қорына енгізілді.

Бұл сый профессордың 75 жылдық мерейтойына орай жасалды. Атаулы күнге байланысты университетте ғалымның түркология ғылымына қосқан үлесіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.

Altyn-orda.kz