Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын $3 млрд-қа дейін ұлғайтты

2025 жылдың басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы $3 млрд-қа жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5%-ға артты. Бұл туралы Altyn-orda.kz Сауда министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның экспорты 26,7%-ға өсіп, $2,2 млрд болды. Нәтижесінде $1,4 млрд көлемінде оң сауда сальдосы қалыптасты. Негізгі өсім металлургия, мұнай-химия, машина жасау және аграрлық сектор есебінен қамтамасыз етілді. Қазақстан сонымен қатар Өзбекстанға жалпы құны $550 млн-нан асатын 40 жаңа тауар позициясын ұсынды.

Қазіргі уақытта құны $4,4 млрд болатын 34 бірлескен жоба және $2,6 млрд-қа тең 7 сауда келісімі қаралу үстінде. Басымдық жоғары дайындық деңгейіне ие бастамаларға берілген.

Агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аударылды: сегіз ай ішінде бұл саладағы өзара сауда көлемі 27,6%-ға өсіп, $1,3 млрд-қа жетті. Қазақстан белсенді түрде астық, ұн, ет және қант экспортын ұлғайтып келеді.

«Орталық Азия» Өнеркәсіптік ынтымақтастық халықаралық орталығының құрылыс алаңында сегіз ғимараттың қаңқасы толық орнатылды. Бұл орталық тоқыма, агроөнімдерді қайта өңдеу және логистика салаларындағы кооперацияның басты алаңына айналмақ.

Сонымен қатар, екі ел Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағыттарды дамыту мәселесін қамтитын бірлескен логистикалық стратегия құруды талқылап жатыр. Мақсат — алдағы жылдары өзара сауданы $10 млрд-қа дейін ұлғайту.