Маңғыстауда тағы бір ауыл алкогольден бас тартты

Қарақия ауданының Құланды ауылы «Заң және тәртіп» бастамасы аясында «алкогольсіз аймақ» мәртебесін алды. Бұл жобаны аудандық прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыруда. Оның мақсаты — қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау, деп хабарлайды Altyn-orda.kz өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, Құланды ауылында осы күнге дейін бірде-бір қылмыстық құқықбұзушылық тіркелмеген. Осыған байланысты тараптар алкоголь өнімдерін сатуға және тұтынуға тыйым салуды, жастар арасында профилактикалық іс-шаралар өткізуді және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруды көздейтін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Бұған дейін осындай шаралар Онды және Баянды ауылдарында да қабылданып, ол жерлерде де спиртті ішімдіктерді сатудан бас тартылған болатын.

Altyn-orda.kz