Хасан Қасымбаев ісі: Талғардағы атышулы оқиға бойынша сот үкімі шықты

Талғар аудандық соты «Хуторские» тобының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты үкім шығарды. Ол адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Сот үкіміне сәйкес, жазасын ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді. Қасымбаевпен бірге істі болған тағы бес адам да әртүрлі мерзімге сотталды: кейбірі тоғыз жыл, ал кейбірі жиырма жылдан аса жаза алды.

Сот процесі үлкен қоғамдық назарда өтті. Үкім оқылған күні сот ғимаратының айналасы күшейтілген күзетке алынды, залға тек шектеулі адамдар мен БАҚ өкілдері ғана кіргізілді.

Өзінің соңғы сөзінде Қасымбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл іс қоғамды тыныштандыру үшін құрылған, ал «кінәлі керек болған соң, сол рөлге мені таңдады». Ол соттан әділ шешім күтетінін жеткізді.

Қорғаушы тарап үкіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұл іс өткен жылы Талғар ауданында болған қанды оқиғадан кейін қозғалған. Сол кезде 16 жастағы жасөспірімнің қаза табуы қоғамды дүр сілкіндіріп, әлеуметтік желілерде «Хуторские» деген атпен белгілі топтың аты жиі аталған еді. Тергеу барысында Қасымбаев пен оның таныстарына қарсы бірнеше бап бойынша іс қозғалды.

Қазір қоғамда бұл үкімге қатысты түрлі пікір бар. Бір тарап мұны әділ жаза десе, енді бірі істің саяси не тапсырыспен жүргізілгенін айтады. Қалай болғанда да, Қасымбаев ісі елдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес пен құқық қорғау жүйесінің ашықтығы жайлы жаңа сұрақтар туындатты.