Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды.

Жазушы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың Нобель сыйлығына ұсынылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл шешім оның ядролық сынақтарға қарсы күресте, гуманизмді, диалог пен бейбіт қатар өмір сүру идеяларын насихаттауда атқарған ұзақ жылғы еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Ондаған жылдар бойы Сүлейменов есімі ең алдымен «Невада–Семей» антиядролық қозғалысымен байланысты болып келеді. Дәл сол кісі Семей ядролық полигонын жабу  туралы алғашқылардың бірі болып ашық айтты. Жылдар бойы жүргізілген сынақтар адамдарға да, табиғатқа да орасан зиян келтірген еді. Оның бастамасы, қоғамның қолдауы және белсенді ұстанымы нәтижесінде бұл қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсы кең ауқымды халықаралық компанияға айналды.

Соның арқасында полигон ресми түрде жабылып, бұл Қазақстан үшін аса маңызды жеңіс әрі жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы үлкен үлес болды.

Алайда Сүлейменовтің еңбегі тек антиядролық қызметпен шектелмейді.

Ол әрқашан халықтар арасындағы өзара түсіністікті, мәдени мұраны сақтауды, адам өміріне құрметпен қарауды жақтап келді. Оның кітаптары, қоғамдық ой-пікірлері мен белсенді әрекеттері бірнеше буынның тәрбиесіне ықпал етіп, адамдарға бейбітшілікке ұмтылуды және болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйретті.

Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынылуы оның еңбегінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанының символына айналды. Көпшілік бұл номинацияны жай ғана формалдылық емес, сөздері мен істері арқылы миллиондаған адамдардың тағдырын өзгертуге болатынын дәлелдеген тұлғаға көрсетілген құрмет деп бағалап отыр.