Ресейліктерге Германияға бармауға кеңес берілді

Ресей азаматтарына Германияға сапарлаудан бас тарту жөнінде кеңес берілді.
Елдің Сыртқы істер министрлігі осындай үндеу жасады.
Бұл туралы ресейлік ресми құрылымдар мен ақпарат көздері хабарлады.
“Аса қажеттілік болмаған жағдайда, еліміздің азаматтарын Германияға бармауға шақырамыз. Тиісті ұсынымдар министрліктің және шетелдегі мекемелердің ресми ресурстарында жарияланды”, – деді Ресейдің СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
Ақпаратқа сәйкес, соңғы уақытта Германияда Ресей азаматтарына қатысты тексерулер күшейіп, виза мен елге кіру рәсімдерінде қиындықтар жиілеген.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда және тұрмыстық деңгейде жағымсыз жағдайларға тап болу қаупі бар екені ескертіледі.
Ресей билігі азаматтарға аса қажеттілік болмаса, Германияға баруды кейінге қалдыруды, ал елде жүрген жағдайда жергілікті заңдарды қатаң сақтап, сақтық шараларын ұстануды ұсынады.
Бұл мәлімдеме Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі аясында жасалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ескертулер алдағы уақытта басқа да Еуропа елдеріне қатысты берілуі мүмкін.










