Ауғанстан қазақтары Димаш Құдайбергенге үндеу жолдады

Ауғанстанда тұратын қазақ диаспорасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Миграция бойынша жаһандық елшісі Димаш Құдайбергенге ресми үндеу жолдады.
Бұл туралы altyn-orda.kz хабарлады.
Диаспора өкілдері Димаш Құдайбергеннің БҰҰ аясындағы мәртебесін тарихи отанға оралу мәселесін шешуге мүмкіндік деп бағалап отыр. Үндеуде Ауғанстанда шамамен 5 мыңға жуық қазақ тұратыны, олардың деректері мен қажетті құжаттары толық дайын екені айтылған.
Ауғанстан Қазақ мәдени орталығының төрағасы Асадолла Оймауыттың мәліметінше, көші-қон шектеулеріне байланысты Қазақстанға оралу мәселесі ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келеді. Осыған байланысты диаспора өкілдері репатриациялық бағдарламаға қосуға және мәдени-гуманитарлық қолдау көрсетуге жәрдем сұраған.
Үндеу 2025 жылдың 25 желтоқсанында жолданған.










