Алматы депо пайдалану басшысы қамауға алынды

Қазақстан темір жолы компаниясының мәліметінше, Алматы вагон пайдалану депосының басшысы қылмыстық іс аясында ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды деп хабарлайды qamshy.media ға сілтеме жасаған Altyn-orda.kz 

Ресми ақпаратқа сәйкес, ол 2026 жылғы 9 сәуірде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталған. Тергеу оның 2024–2025 жылдардағы қызмет кезеңін қамтиды.

Компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ұстанатынын және істің барлық мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық жасап жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, ықтимал құқық бұзушылыққа жол берген себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында депода ішкі қызметтік тексеру басталған. Тергеуді компанияның комплаенс қызметі жетекшілік ететін арнайы комиссия жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасуда. Компания құзырлы органдар процессуалдық шешім қабылдағанға дейін қосымша түсініктеме бермейтінін хабарлады.