Қазақстанның 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақ үй салынады

Елде Hilton, Marriott және Rixos желілерінің жаңа қонақүйлері ашылады.
Алдағы бірнеше жыл ішінде Қазақстанның 11 өңірінде халықаралық стандарттарға сай 24 қонақүй салу жоспарланып отыр деп хабарлайды informburo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Мәліметке сәйкес, жаңа қонақүйлер жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бой көтереді. Жобаларды іске асыруға мемлекет жеңілдетілген несие беру және инвестициялық преференциялар арқылы қолдау көрсетпек.
“Жоспарланған нысандар қатарында халықаралық қонақүй брендтерінің жобалары бар. Атап айтқанда, Қонаев қаласында Hilton және Marriott желілерінің қонақ үйлері, Павлодар қаласында Novotel, Қостанай қаласында Courtyard by Marriott, Қызылорда қаласында Rixos қонақүйі салынады”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Алматы қаласында Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu секілді халықаралық деңгейдегі қонақүй нысандары ашылады.
Үкіметтің мәліметінше, бұл жобалар туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және шетелдік туристер санын көбейтуге бағытталған.










