“Тағдырыма ризамын”: Бекболат Тілеухан үш рет үйленгеніне өкінбейтінін айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, бұрынғы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында отбасы, жұбайлары және балалары туралы ойын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі
Жүргізуші одан “Анаңыз барлық келінін көрді ме? Батасын берді ме?” деген сұрақ қойды.
Өнер иесі жеке өмірін көпшілік алдында егжей-тегжейлі талқылауды жөн көрмейтінін айтып, бұл тақырыптың өзіне ғана емес, жақындарына да қатысты екенін жеткізді.
“Төсегімді елге айтпай-ақ қояйықшы. Раушан, Кенже, Жанар – балаларымның аналары. Олардың бәрін құрметтеймін, жақсы көремін. Бір әңгіме айтсам, баламның көңіліне тиеді, Раушанның туыстары бар олардың көңіліне тиеді. Кенженің, Жанардың көңіліне тиеді. Бұл әңгіме кімге керек? Бұл менің тағдырым. Алла осындай тағдыр берді, ризамын. Алла маған иманды, алтындай қазақтың қыздарын жар қылып берді”, – деді ол.
Сұхбат барысында жүргізуші Бекболат Тілеуханнан “Өмірге қайтадан келсеңіз, үш рет үйленесіз бе?” деп сұрады.
“Біріншіден, өмірге қайта келмеймін. Екіншіден, өкінбеймін. Коммунист Бауманның “екінші рет өмірге келсем де, осы жолмен жүрер едім” деген сөзі бар. Бұл тағдырға риза болу. Маңдайға жазған тағдырдан кете алмайсың”, – деді ол.
Сондай-ақ Бекболат Тілеухан балаларының өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеруіне түбегейлі қарсы емес екенін айтты. Дегенмен олардың болашақ жары мұсылман болғанын қалайтынын жеткізді.
Оның сөзінше, ата-ана баласының өмірлік таңдауына, соның ішінде мамандығы мен діни ұстанымына толықтай ықпал ете алмайды.










