Жүзіп шығып, досын іздеген: Маңғыстауда аман қалған сарбаздың видеосы пайда болды

Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы төтенше жағдайдан аман қалған әскери қызметшілердің бірі түсірілген видео пайда болды. Кадрларды блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Ол 19 жастағы Ақжол Темірәлиевтің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengri Life
Сәрсенбаевтың айтуынша, 2007 жылы туған Ақжол Темірәлиев – аман қалған әскери қызметшілердің ішінде ауруханаға жатқызылған жалғыз адам.
“Кешеден бері әлеуметтік желілерде оның жағдайы туралы түрлі ақпарат тарап жатыр”, – деп бөлісті ол.
Азаматтың сөзінше, тек Ақжол ғана ауруханаға жатқызылды. Ол судан өз бетінше шыға алған.
“Ол жерде үш адам аман қалған. Ақжол қазір ауруханада, тек соны ғана жатқызды. Ал ата-анасының айтуынша, ол судан өзі жүзіп шығып, жарты сағаттай досын іздеген”, – деді Азамат.
Оның айтуынша, қазір жігіттің жағдайы тұрақты. Ол өздігінен жүріп, тамақ ішіп, сөйлей алады. Дәрігерлер қажетті көмектің бәрін жасады.
Бұған дейін Бас прокуратура әскери қызметшілердің қаза табуын тергеу барысы туралы айтқан болатын. Атап айтқанда, ведомство күдіктілердің анықталғаны туралы хабарлады.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.
Сонымен қатар бүгін, 25 қыркүйекте екі әскери қызметші – сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Қайғылы оқиғадан 14 адам қаза тапты.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті









