Түркиядағы жер сілкінісі: Қазақстандық Әділ Қадырбеков үйінді астында қаза тапты

Құтқарушылар Түркиядағы  жер сілкінісі кезінде үйінді астында қалған отандасымыз Әділ Қадырбековтың денесін тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бүгін 9 ақпан күні таңертең іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып, оның барысында туыстары Құбылай Кескин есімді Түркия азаматының және Қазақстан Республикасының азаматы Әділ Қадырбековтың мәйіттері табылды. Сыртқы істер министрлігі марқұмның денесін отанына жеткізуге барынша көмек көрсетеді», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Біздің құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге Мирболат Құрмашевты іздеуді жалғастыруда.

Бұған дейін Түркияда қазақстандық құтқарушылар төрт адамды аман алып қалғаны хабарланған болатын.

Еске салайық, кеше қазақстандық ару Сабина Мамадьярованың үйіндінің астынан аман шыққаны белгілі болған. 

Бүгін Газиантептен Қазақстанның арнайы ұшағымен 42 қазақстандық пен 22 Қырғызстан азаматы эвакуацияланды.