«Жынды етіп, мазақ қылды»: Түркияда зілзала болатынын ескертпек болған шымкенттік қарияны жұрт күлкі қылған
– Сізді жергілікті жұрт «пайғамбар» деп атайтын көрінеді Ал өзіңіз «Мен – Алланың хабаршысымын» дейсіз…
– Мен пайғамбар емеспін. Олай жаңылыстыруға болмайды. Мен тілегі қабыл болған пендемін.
– Сонда сіз Алламен жиі тілдесесіз бе?
– Алла Тағаламен күнде тілдесемін. Көңілім құлазып тұрса, өзі мені жұбатады.
Алла тағала «мына жерге бар» дейді, барамын. Тыңдамаса да, айтамын. Орындай ма, жоқ па, өз еркі.
Бірде менен: «Қанша жыл өмір сүргің келеді?», – деп сұрағанда, «Бұл уақытша өмір болса, пайғамбар жасына жетсем болды» деп едім, «Жарайды, сол уақытқа дейін айтқанымды жер бетіне жеткізіп жүресің» деді.
– Өзіңізді Алланың хабаршысы санайсыз ғой сонда?
– Маған үнемі «хабарымды жеткіз» дейді.
– Алла адамдарға нені айтуды аманат етті?
– «Адамдарға қандай пайғамбарды жіберсем де, «Қиямет қашан болады? Қашан пейішке барып, рахат өмір сүреміз?» деген сұрақ қояды. Сол кезде адамдардың алдына сені шығарып «Мен мына кісіні хабаршы ретінде жібердім. Ол үнемі «Қияметке дайындалыңдар! Бір-біріңе жақсылық жасап, сауапты іс істеңдер!» деген хабар айтып жүрді. Дәл солай айтты ма, айтты. Бірақ сендер оны «жынды, ауру» дедіңдер. Алланың адаммен сөйлесуі мүмкін емес» деп күмән келтірдіңдер деймін» деген.
Мен осыны айтып жүрмін, бірақ мені тыңдап жатқан ешкім жоқ.
– Сіздіңше, ақырзаман жақындады ма?
– Ақырзаманға көп қалған жоқ. Қазірдің өзінде басталып жатыр ғой. Жер беті тегістеледі. Өлгендерді көметін адам қалмайды. Тек кәлимаға тілі келгендер ғана тірі қалады. Сол үшін «намаз оқып, жақсылық жасап, сауап жинап қалыңдар!» деп айтып жүрмін. Дүние де, мал да қалады. Алланың қаһары келсе, адамзатты ешкім құтқара алмайды. Құранда жазылғаның бәрі тура келіп жатыр. Қазір Құдайды ұмытты көбі. Істеген әрекеттері теріс. Шетелге қашқан жемқорлар ақшасын қайда тығарын білмей, қайта бері қашады. Жинаған дүниесі от боп жанады.
– Сізге Түркиядағы зілзаланың болатыны туралы хабар айтты ма?
– Айтты ғой. Мен оны кімге айтамын? Ешкім тыңдамайды. Тым болмаса, телеарнадағы бағдарламаға қатысып айтайын деп едім, мені жынды етіп, «Құдай қазақша сөйлей ме екен?» деп мазақ қылды.
Мейлі, күле берсін. Ертең Алланың алдына бәріміз барамыз. Сол кезде кімнің жынды, кімнің сау екенін көреміз…