Блогер: «Қазақ жігіттерінің саны бар, сапасы жоқ»
Соңғы уақытта қазақ жігіттерін жерден алып, жерге салып жатқан блогер әйелдің видеосы қазнетте қызу талқылануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Өзін әлеуметтік желідегі жұртқа Роза коуч деп таныстырған келіншектің көптеген бейнежазбасы ғаламторда желдей есіп жүр.
«Бізде қазақ жігіттерінің тәрбиесі дұрыс емес. Өкінішке қарай, жақсы атқа лайықты жігіттер өте аз. Сосын бізде “қыздар күйеуге тиюге асықпайды» деп таңғалмай-ақ қойыңыздаршы. Кімге тиеді, сорлы-ау, кімге тиеді? Мамасының балаларына ма? Жасы отызға келсе де әлі күнге дейін өзінің қолы аузына жетпейді. Кредитін шешесі төлейтін балаға ма? Саны бар, сапасы жоқ, әр жерде донер жеп, айран ішіп солқылдап жүр. Естеріңді жиыңдаршы, жігіттер» – деп Tiktok-та ашуланды Роза Әшірбаева.
Оның айтуынша, бүгінгінің ер азаматтары жалқау әрі тәрбиесіз. Ал қазіргінің қыз-келіншектері пысық, белсенді.
«Қазір әйелдер көптеген курсқа қатысады, кітап оқиды, дамиды, бір-бірімен жиналып әңгімелер айтады. Статистика бойынша кітапханаға баратын әйелдер, театрға баратындардың 70 пайызы әйелдер. Ал жігіттердің айтатыны: «бізді солай тәрбиеледі ғой енді» дейді. Болды, осымен өлдік, осылай кәрілікке барамын дейді де. Рас, өздерін бала сияқты ұстайтын үлкен кісілер де бар. Ұялып кетесің. Қазіргі кезде ақсақал қалмаған ғой. Ата-анасы берген тәрбиені дамытпайды. Сондықтан мен оларды «тәрбиесіз» деп айтамын», – деді Роза коуч.
Роза Әшірбаева қазіргі таңда құмар ойынның жетегінде кеткен жігіттердің көп екенін айтады. Сондай-ақ ол жат қылыққа жаны жақын қоғамдағы еркектерді бірнеше түрге бөліп, әйелдерге өзінің кеңесін берді.
«Мен төрт түрлі жағдайда әйелдерге ажырасуға кеңес беремін. Бірінші – құмар ойынға кіріп кеткен еркекпен, екінші – алкогольге берілген адаммен, үшінші – нашақормен, төртінші – психологиялық ауытқуы бар адаммен. Бұл төрт адамды қасындағы отбасы мүшелері өзгерте алмайды. Бұл адам емделу керек. Ол өзінің ауру екенін мойындап, емделуге өзі бару керек. Құрту керек қой. Өйткені осындай проблемасы бар отбасылардың балалары да үлкен психологиялық жарақат алады», – дейді блогер әйел.
Жігіттерге шүйліккен бұл әйелді желідегі жұрт жақтыра қоймайды екен. Тіпті Розаның жеке өміріне тиісіп, жағымсыз пікірлерін қарша жаудыратын көрінеді.
«Еркектерге де, әйелдерге де ұнамаймын. Маған көбісі түрлі пікір жазады. «Әй, бұл сорлы не көрмеді дейсің, осының бәрі өз басынан өткен ғой» дейді. Отбасымды көрсетпегеннен кейін мені байы жоқ әйел, жалғызбасты, ажырасқан, еркектерді жек көреді деп ойлайды. Олай емес, күйеуім бар, екі ұл тәрбиелеп отырмын», – деді Роза Әшірбаева.
Әлеуметтік желі қолданушыларының қисық-қыңыр сұрақтарына ашық жауап беретін келіншектің бұл образын қазнеттің хит имамы – Нұрлан Байжігітұлына ұқсататындар да бар екен.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.