«Әйеліме тиіспесе екен»: блогер Елдос Колобок балалы бола алмауының себебін айтып, көзіне жас алды

Қазақстанға «Елдос Колобок» есімімен танылған блогер Елдос Қадірханов пен жұбайы ұзақ жылдардан бері сәби иісін аңсап келеді.

Блогер «TALK LIKE» бағдарламасында ең үлкен арманын айтып, көзіне жас алды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Отбасын құрғанымызға жеті жыл енді болады. Негізі сұрақтар бар, айтылды. Әлі де айтылып жатыр. Басында «Не болды? Әйелің неге бала көтермей жатыр?» деп сұрайды. Бірнәрсе болса, біздің қазақта әйелді кінәлайды ғой. Бала болмай жатса кінәлі — әйел. Бәрінің ойында сол. Достарың «Әйелің неге көтермей жатыр» деп келеді. Болмаса туыстарың «Келінге не болды? Әй, келін аяғыңды жылы ұста» дейді. Келіншегім көңіліне алып, жылап қалады. Оның көңіліне алғаны менің көңіліме тиеді. Басында осындай болды. Одан кейін қазір ақыл айтады. Туыстар айтып болса, достарың айтады. Қазір енді оқырмандар жазады. «Біздің ауылда мынадай емші бар. Көзі көрмейтін апа бар. Біреудің басына түне» деп көп нәрсе жазады. Енді ол біздің көңілімізге тиеді. Бірақ ол жаман болсын деген оймен емес қой. Олар шын ниетімен «балалы болса екен» деп жазады» деді.

Бірақ кейбіреулері артығымен жазып, көңілге тиеді. «Сенде жүз пайыз бала болмайды» деген пікір қатты көңіліме тиді. Пендеміз ғой, бал аштыруға да барасың ғой. Ол жерде де «Сен бала асырап ал, бала болмайды» деп айтқан. Дәрігерлер де айтқан», — деді Елдос Колобок.

Сонымен қатар блогер ең үлкен арманын айтып, бағдарламада көзіне жас алды. Елдос Колобок бағдарлама барысында балалы болмауының себебі өзінде екенін айтты. «Қай дәрігердің есігіне барсам да, қойылатын бір диагноз бар.

Яғни, кінә ер адам жақтан. Яғни, менен. Менің басымдағы денсаулықтан болып жатқан мәселенің себебінен бізде бала жоқ. Менің осы диагнозбен жүргеніме он жыл. Үйленердің алдында да әйеліммен сөйлесіп, ашып айттым. Ол кезде Елдос деген асаба еді. Қазіргі Елдос жоқ. Отырып сөйлестік. Мен біліп тұрып айтпай, үйленіп алуым дұрыс емес.

«Менде осындай диагноз шығып тұр. Біздің өміріміз гүл бола ма, күл бола ма білмеймін. Қиындықты да, жақсылықты да көреміз десең, кеттік» дедім. Әйелім иә деп те, жоқ деп те айтпады. Тек жылады. Ал келесі күні мен алып қашатын күннің мерзімін айтып, сол күні алып қаштым… Менің арманым, үйге кірген кезде баламның «әке» деп алдымнан шығуы. Болды. Маған ақша, дүние маңызды емес. Мен ақшасыз да өмір сүргенмін. Қарапайым отбасылар бар ғой, балаң «әке» деп алдыңнан жүгіріп шығады ғой. Мен соны армандаймын. Соған жетуге әрекет етемін. Менің өтінішім, әйеліме тиіспесе екен. Шаршатты. Менің кінәлі екенімді білмейді ғой. Маған жаны ашып қалағанын қаламаймын. Мойындап айтсам, ертең не болады дедім. Бірақ әйеліме кінәлі адам ретінде қарағанын қаламаймын», — деді көзіне жас алған Елдос Колобок.