«Қазақ жері Қытай сайттарында саудаланып жатыр»: Жер комитеті желідегі ақпаратты жоққа шығарды

Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 

Бұл туралы Жер комитетінің төрағасы әрі Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов өзінің facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасаған altyn-orda.kz

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз.

Сонымен қатар, Кодекстің 38-бабының 5-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (субарендаға) беруге жол берiлмейдi.

Егер кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады және бұл мәселе Министрліктің тұрақты бақылауында», — деп атап өткен Жер комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.