Ақмола облысында зейнеткер Қызыл кітапқа енген қос аққуды атып тастаған

 

Ақмола облысы Бұланды ауданында 67 жастағы зейнеткер қос аққуды атып тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz. порталына сілтеме жасап. 

Бұл фактіні аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Журавлев ауылдық округінің аумағында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде анықтады.

«67 жастағы жергілікті тұрғынның “ИЖ-Юпитер 5” мотоциклін тоқтатып, құжаттар мен көлік құралын тексеру кезінде полицейлер мотоцикл арбасынан екі аққудың ұшасы және 12 калибрлі “ТОЗ 34” тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тапты. Айта кету керек, қару тіркелген, сонымен қатар ауыл тұрғынының тиісті аңшы куәлігі бар. Ақмолалықтың айтуынша, Қызыл кітапқа енгізілген аққуларды атуға тыйым салынғанын біле тұрып, оларды атып өлтірген», – дейді полиция.

Факт ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді (Заңсыз аң аулау). Қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр. Кликун аққуы саны азайып бара жатқан түр ретінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.