Украина елшісін бекіту үшін Ресейдің рұқсатын күтіп отырмыз ба?

 

Украина ұсынып жіберген кандидатты Қазақстан билігі елшілікке қабылдамады. Киев Украинаның Луганск облыстық әскери басқармасының бұрынғы басшысы Сергей Гайдайды Қазақстанға елшілікке жіберген.

Ал біздің ел Украинаның Қазақстандағы елшісінің орнында кәсіби дипломатты көргісі келетінін «мипаздап, бірақ нық» білдіріпті.

Естеріңізде болса, Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевский кәсіби дипломат болған. Бірақ Астананың наразылығы мен Мәскеудің Қазақстаннан украин дипломатын дереу елден шығаруды талап еткен көкбеттігінен кейін Владимир Зеленский 2022 жылдың қазан айында оны қызметінен амалсыз босатты.

Ресейдің шабына шоқ тастаған Петр Врублевский жергілікті блогерге берген сұхбаты еді. Онда ол ресейліктер туралы былай деді: «Оларды көбірек өлтіруіміз керек. Біз орыс басқыншыларын неғұрлым көбірек қырсақ, балаларымыз да соғұрлым азырақ өледі».

Сергей Гайдай 2019 жылдың 25 қазанынан бері Луганск облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы болды. 2023 жылғы 15 наурызда ол президент жарлығымен қызметінен босатылды.

Гайдайдың келуіне әлем алдында беті айдай болған Ресейдің қабақ шытатынын біздің Үкімет білмей отыр дейсіз бе?!

Mezgil.kz