ArcelorMittal компаниясы «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге аударды
«ArcelorMittal» компаниясы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 16 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жарнасын аударды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Azattyq Ruhy на сілтеме жасай отырып
Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының игілігіне негізделген білім және денсаулық сақтау саласындағы қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмсалады.
«Жарна сомасының кем дегенде елу пайызы (50%) Теміртау қаласында жүзеге асырылатын немесе Теміртау қаласына айтарлықтай қатысы бар жобаларға бағытталады», — делінген хабарламада.
Қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар бағыттары:
- орта білім беру ұйымдарын жетілдіру және студенттердің жоғары білім алуына шәкіртақы арқылы қолдау көрсету;
- өңірде STEM білімін жетілдіру;
- орфандық (сирек) аурулары бар пациенттерді дәрілік препараттармен қамтамасыз ету;
- денсаулық сақтау мекемелерін озық медициналық жабдықтармен және медициналық сарапшылардың қызметтеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ету.
Қор құрылған сәттен бастап ірі компаниялардан, жеке қайырымдылық қорлар мен ұйымдардан, меценаттар мен жеке тұлғалардан барлығы 158,8 млрд теңге түсті (2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша).
«Қордың 2 жыл жұмысы ішінде Қарағанды облысында жалпы сомасы 13,96 млрд теңге қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға бастамашы болды. Олардың қатарында сирек кездесетін аурумен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тірек мектептер құру, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге білім гранттарын беру, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, оңалту орталықтарын құру, инновациялық протездеу қамтамасыз ету, арнайы мектептерді жабдықтау, ауылдарда балаларға арналған спорт залдарын ашу және т.б. бар», — деді қор өкілдері.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қазақстанда қайырымдылықты дамытуға үлесін қосқан әрбір адамға өз алғысын білдіреді және әлеуметтік маңызы бар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмысты әрі қарай жалғастырады.