Айгүл Иманбаева әріптесі Алтынай Жорабаевамен қарым-қатынасы туралы ашық айтты
Айгүл Иманбаева Динара Сәтжанға берген сұхбатында өнердегі әріптесі, Сәбит Әбдіхалықовтың екінші әйелі Алтынай Жорабаевамен алғаш танысқан кезін еске алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Ең алғаш Алтынайды көргенде басында бөрік бас киімі, үстінде жағалы пәлтесі бар болатын. Сәбит Республика сарайына ертіп әкеліп, менімен таныстырды. Көрген кезде бетінен сүйіп, құттықтап, өзімді таныстырғанмын. Оның алдында Сәбит “үйленіп жатырмын” деп хабарласқанда да құттықтағанмын. Алтынай мені “Ұят болмасын” бағдарламасынан көрген. Маған әдемі көздерімен қарағаны есімде. Менің көз алдымда сол портрет сақтаулы. Кейін үшеуіміз жақын араласып, концерт беріп жүргенде Алтынайды ішінен танып, жүрегін көре бастадым. Өте сұлу, әдемі, жақсы адамды көрдім. Сол жақсы адамды мен жүрегіме сақтап алдым.
Журналист, тележүргізуші Мақпал Қаратай маған: “Соңғы кезде Алтынай екеуіңнің араларың алыстап кетті, бір-біріңді түсінбей кеттіңдер. Оған ортасы әсер етті. Айтқыштар көп қой” деген еді. Мен мұны уақыттың еншісіне бердім, уақыт бәрін өз орнына қояды. Ақылы болса, әр нәрсені өзі түсініп, таразылайды”, – деді Айгүл ағынан жарылып.
Әнші Алтынай Жорабаевамен сөзге келіп қалған сәттердің де болғанын жасырмады.
“Алтынай: “Актрисасың ғой, өтірік істейсің, ойнайсың” деп маған ренжіген. Бір-бірімізге қатты айтқан кездеріміз болды, кешірім сұраған, түсініскен кездеріміз болды. Ол да қазақтың қызы ғой, оның өнерін де бағалаймын. Сол кезде “Соншалықты өтірік істеймін бе, өмірде ойнап жүретін адамның қатарынансың ба, Айгүл? Менің бойымда қаншалықты екіжүзділік, фальш деген дүние бар? ” деп өзіме сұрақ қойдым. Бір, екі күн, он күні, бір ай, бірақ адам өмір бойы ойнай алмайды ғой. Өзінің бір болмысы болады. Менің болмысым осы. Өкпе-ренішімді ұмытып қаламын, іштей жақсы көріп тұрамын. Оның қаншалықты жаман немесе жақсы екенін білмеймін”, – дейді өнер иесі.