Алматы облысында 10 жыл бойы жөндеу көрмеген көпірден ер адам құлап, қайтыс болды
Алматы облысына қарасты Есік қаласының маңындағы Бөлек ауылында Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін көпірден 46 жастағы ер адам құлап, қайтыс болды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Алматы телеарнасының ақпаратына сілтеп.
Марқұмның туыстары мәйітті құлаған жерінен ала алмай жатқандарын айтты. Ал жыл сайын 3-4 адам осы көпірден құлап қаза табады деген жұрт, «қылкөпір» аталып кеткен бұл өткелдің құрылыс көрмегеніне 10 жыл өтті дейді:
«Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік», – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.
Бұған дейін де талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты.
«Біріншіден, бұл көпір емес, «ГидроСервис» ЖШС балансында тұрған үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.
Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселенің қозғалғанына біршама жыл өтсе де жабулы қазан, жабулы күйінде қалып отыр дейді.
«Бәріміздің күйеулеріміз нан табамын деп түзде жүр. Біз үйде отырамыз. Бала-шағамызды сабаққа жіберерде қорқамыз. Көпірден өтемін деп, бірнәрсеге душар бола ма екен деп, үнемі уайымдап отырамыз дейді» ауыл тұрғындарының бірі.