Астана жастары вандализммен күресті
Жастар күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бүгін елордада вандализмге қарсы іс-шара өтті. Акция аясында ұйымдастырушылар еріктілермен бірге қаладағы Сарыарқа ауданы Жағалау аумағында орналасқан Оқушылар сарайының қабырғаларына жазылып, сызылған анайы шимай-шатпақтарды жуып кетіріп, кейбірін түрлі түстермен бояп тастады.
Мәселен, «Астана жастары» КММ мониторинг бөлімінің маманы Камила Мұқатаеваның айтуынша, қала ішінде кейбір орындардағы қабырғаларға есірткі сататын телеграмм каналдарға автоматты түрде өткіщетін QR-кодтар жазылған. Жастар есірткіні сол арқылы сатып алып жүр. Ал бүгінгідей акциялардың аясында еріктілер аталған QR-кодтарды ізін қалдырмастай өшіріп жатыр.
«Есірткі саудасымен айналысатындардың осы тәсілмен есірткі сату айласы кең етек жайып тұр. Сондықтан біз жастардың денсаулыққа зиян затты сатып алуына мүмкіндігі болмауы үшін QR-кодтарды өшірудеміз. Мұндай акцияны ұдайы ұйымдастырып тұрамыз. Осы жылдың өзінде 10-ға жуығы өтті. Вандализм – бұл қоғамның мүлікке зияны ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіреді. Біз мұндай мінез-құлыққа шыдам немқұрайлы қарамауға және барлығын ортақ ресурстарға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», – дейді Камила Мұқатаева.
Атап өту керек, іс-шараны Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері бірлесіп өткізді.
Мұндағы мақсат – қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін аттыру. Вандализм мәселесіне қоғамның назырын аудару және осы құбылысқа қарсы күресте азаматтық қоғамы белсендіру.
Нұрсұлу Мырзахмет