Бағасы 18,5 мың теңгеден асатын гүлді сыйға алған мұғалімдер жазаға тартылуы мүмкін
18 460 теңгелік гүлді сыйлыққа алған мұғалімдер заңсыз сыйақы алды деп қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, қылмыстық кодексте мұғалімдерге қатысты қолданылатын «Заңсыз сыйақы алу» бабы бар. Енді қымбат гүл алған ұстаздар осы бап бойынша істі болады.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, мұғалімдерге «Пара алу» бабы аясында қылмыстық жаза қарастырылмаған. Өйткені олар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оларға теңестірілген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар қатарына кірмейді. Алайда мұғалім бағасы 18 460 теңгеден асатын гүлді немесе сыйлықты алып, сыйды ұсынған адамға көмектессе, қылмыстық кодекстің 247-бабы ”Заңсыз сыйақы алу” бойынша жазаланады.
Егер өзінің қызметтік өкілеттігіне байланысты гүл сыйлаушыға жеңілдік жасамаса, 1 қыркүйекте оқушылардың, ұжымның, үшінші тұлғалардың мұғалімдерге сыйлықтар, оның ішінде гүл шоқтарын сыйға тартуына тыйым салынбайды.
Еске салсақ, бұған дейін оқу-ағарту министрі оқушылардың мұғалімдерге гүл сыйлағаны қаншалықты дұрыс екенін айтты.