Бес елдің әскерилері Маңғыстау облысында оқу-жаттығу өткізеді
Маңғыстау облысы аумағында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскерилері оқу-жауынгерлік міндеттерін пысықтауға қатысады. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше әскери маневрлер «Оймаша» полигонында, сондай-ақ Тоқмақ мүйісінен екі шақырым жердегі теңіз учаскесінде өтеді.
“8-17 шілде аралығында әскери контингенттер қарулы қақтығысты оқшаулау бойынша бірлескен операция дайындап, жүргізеді. Оқу-жаттығуға 4 мыңға жуық әскери қызметші және 700-дей қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылады. Тактикалық эпизодтар жердегі және әуедегі барлау топтарының, теңіз арнайы күштерінің, армиялық және майдандық авиация экипаждарының, әскери кемелер мен катерлердің, артиллериялық есептоптардың, шабуылдаушы және танк бөлімшелерінің қатысуымен өтеді”, – делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері оқу-жаттығу аясында мәдени-демалыс және спорттық іс-шараларды өткізу де қарастырылғанын атап өтті. Әскери-қолданбалы спорт түрлері, «Бағдар» тактикалық бағдарлау және армиялық тактикалық атыстар бойынша жарыстар өтеді екен.