«Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді» – Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, шетелде қазақстандық төлқұжатқа, оның ішінде шет мемлекеттердің визаларын беруге ешқандай шектеулер жоқ.
5 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан төлқұжатын бүкіл әлем танитынын және құрметтейтінін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, шетелде қазақстандық төлқұжатқа, оның ішінде шет мемлекеттердің визаларын беруге ешқандай шектеулер жоқ.
«Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды. Қазақстан паспорты – әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы.
Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ.
Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі».