Дина Төреәлі: «Сау адамды мас деп жала жапты»
Заң бұзғаны үшін қамауға алынған Төреғалидің қарындасы Дина Төреәлі ағасына нақақтан-нақақ жала жабылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Жағдай былай: күні кеше жеңешем екеуі әуежайға Қызылордада күтіп отырған бала-шағасына асығып бара жатқан. Көлікке сау отырған адамды “ішіп алып рульде отырған жерінен ұсталды” деп жалған ақпарат таратуға ешкімнің құқығы жоқ. Халықтың көңілін Қазақстанда болып жатқан жағдайдан басқа жаққа аудару үшін әдейі жасалатын нәрселерден, жаладан шаршадық, шыны керек. Жала жабылып, шындықты дәделдей алмаған адамдарды жақсы түсініп отырмын”, – дейді блогер.
Дина Төреәлінің айтуынша, ағасына қатысты барлық дау-дамайдың артында көпшілік білмейтін шындық бар. Алайда ол ақиқатты ақтаруға құлық танытпады.
“Осы уақытқа дейін бүкіл Қазақстанды шулатқан ағама қатысты жағдайлардың артындағы нағыз шындықты бізден басқа ешкім білмейді. Шындықтың бетін ғана емес, түбімен қопарып тұрып сіздерге айтайын десем, екінші жағы да бар. Шындық ешқашан ешкімге жақпайды. Қалғанын ағам бостандыққа шыққан кезде жалғастырамын”, – деп оқырманға уәде берді Дина Төреәлі.
Қазіргі кезде күйеуімен АҚШ-та жүрген Фариза Төреәлі де үнсіз қалмады.
“Алда кімді не күтіп тұрғаны, ертең не болары, кімнің қандай жағдайға тап болары белгісіз, ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан артық сөздің керегі жоқ. Анама дейін тіл тигізіп, артық кетуде. Ал қазір маған ең маңыздысы – жақындарымның амандығы. Алла көтере алатын адамға ғана сынақ береді. Осы уақытқа дейін түрлі сөзді көтеріп үйреніп қалдық қой”, – деп жазды Фариза Төреәлі.