Қазақстанда пойыз билеті бір жылда 20%-ға қымбаттады

2022 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жолаушылар теміржол көлігі қызметінің бағасы бір жылда 19,6%-ға өскен. Қала маңындағы пойыздардың тарифі бір жыл бұрынғыдан 16,7%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі energyprom.kz. порталына сілтеме жасап. 

Аналитикалық порталдың мәліметінше, республикаішілік пойыздың плацкарт вагонында жол жүру құны – 20,6%-ға, купе вагонында 17,8%-ға қымбаттады.

Баға ең көп өскен өңірлер арасында Шымкент қаласы (жылына 56,3%-ға), сондай-ақ Жетісу (45%-ға) және Алматы (32,3%-ға) облыстары тізімді бастап тұр.

Ақтөбе (4,9%), Батыс Қазақстан (плюс 6,6%), Ұлытау және Павлодар (әрқайсысында 8%) облыстарында баға өсімі айтарлықтай төмен.

Осы жылдың тоғыз айында теміржол көлігімен 14,7 миллион жолаушы тасымалданған. Өткен жылмен салыстырғанда жолаушылар саны 32,6 пайызға артқан. Қыркүйек айында жолаушылар тасымалы 1,6 млн жолаушыны құрап, бір жыл ішінде 32,7%-ға артты.

Астана тұрғындары пойызбен жиі жүреді – 3,5 мың адам, одан кейін Ақтөбе және Қызылорда облыстары тұр. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелді.

Осы жылдың алғашқы үш тоқсанында теміржол көлігімен 306 миллион тонна жүк пен багаж тасымалданды, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,4 пайызға аз. Қыркүйекте жүк тасымалы бір жыл ішінде 2%-ға азайып, 32,9 млн тонна болды.