«Клебанов бастаған ЖЭС қожайындары қарапайым жұмысшыларды кінәлі ете салуы мүмкін» — Ерлан Сайыров
Жазықсыз адам сотталып кетпеуі керек. Екібастұз апатынан кейін тексеру жұмыстарының бұрмаланып кетпеуін мәжілісмендер де бақылауға алмақ. Депутат Ерлан Саиров «Сұрауы бар» ютуб арнасына берген сұхбатында осылай деп, бұл оқиғаны бастан аяқ өз бақылауына алатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әйтпесе, Александр Клебанов бастаған ЖЭС қожайындары орта буын жұмысшыны барлығына кінәлі етіп жіберуі мүмкін.
«Екібастұздағы апат жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстанның айырмашылығын көрсетеді. Ескі Қазақстан дегеніміз — халықтың мүң-мүддесін қорғамайтын, былайша айтқанда бүкіл ауыртпалығын, қиналып жатқанына назар аудармайтын, өзінің қалтасын қампита беретін топтар. Ал жаңа Қазақстан дегеніміз – мысалы Екібастұздың халқы қиналып жататын болса, соны көріп көмектесіп, оларға қол ұшын беріп, халықпен бірге болып, әділеттілікті қалыпқа келтіру. Міне, философиялық тұрғыдан Екібастұз сол жолайырық деп айтуға болады», — дейді.
Егер біз осы жерде халыққа шығып, жылуды беріп, ең негізгісі сол жердегі жауапты адамдарды заң жүзінде жауапқа тартатын болсақ, онда әрине, жаңа Қазақстан жеңіп келе жатыр деп айтуға болады дейді спикер.
«Сол жерде Клебановпен сөйлестім, прокуратура өкілдеріне нақты сұрақ қойдық. Ертең кінәлілерді іздеген кезде сол кәсіпорынның орта бел бір адамдарын тауып алып, мәне осылар кінәлі деп шығарасыздар. Неге акционердің жауапкершілігін қарастырмайсыздар? Қаржының ағындары қайда кетеді, Ірі жөндеу жұмыстарын кім жүргізеді? Оның бәрін сол жердегі алпауыттар шешеді. Сондықтан Екібастұзда жағдай үшін ең бірінші кәсіпорынның меншік иелерінің жауапкершілігін қарастыру керек. Мен бақылаймын, қоғамдық бақылау арқылы қысым жасаймыз», — дейді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар ол аталмыш сектордағы кәсіпорындар мемлекеттік бағдарлама арқылы қыруар ақша алып келгенін айтады. Бірақ оны да діттеген жеріне жұмсамаған.
«Жылу энергетикалық инфрақұрылымдар тозып тұр. 30 жылдың ішінде көбі жекеменшікке берілген. Жеменшіктегілерінің бірде біріне модернизацияға бір тиын да бөлінбеген. Әрине, жағдай ушығып кетеді. Екібастұздағы сол кәсіпорынның директоры жылына 400 млн теңге бөлеміз дейді. Бірақ сол 400 млн теңгенің өзін де олар игермеген. Қайда ол ақша? Соны зерттеу керек.
Бұл жерде екі мәселе бар. Бірінші – тарифтің ішінде инвестицияға деген бөлігі болады. Әрбір азамат жылу үшін ақша төлеген кезде белгілі бір соманы инвестицияға, магистральді қайтадан жөндеуге кетуі керек. Міне, осы ақша қайда кетті? Екінші – 2015-2022 жылдары мемлекет әртүрлі бағдарламалар арқылы дәл осы магистральдарға 184 млрд теңге жұмсаған. Міне, осы ақша қайда кетті? Бюджеттен бөлінген ақша ғой», — дейді Саиров.