«Мәмбеттер тілі»: Алматылық тиктокер тікелей эфирде қазақ тілін қорлағаны үшін сотталды

TikTok-та қазақ тілін қорлаған алматылық қызға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kozachkov Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

21 жастағы Элина Лю күзде Tiktok желісінде стримға кіріп, он мыңға жуық көрермен жинаған. Сол кезде желі қолданушыларының бірі оның ұлты мен дінін сұрап, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап еткен.

Сол кезде 21 жастағы тиктокер қазақ тіліне деген жеккөрушілігін көрсеткен.

Ол қазақ тілін ұнатпайтынын және оны “мәмбеттер тілі” деп атап, мәмбеттердің кесірінен Абай көшесінде кептеліс болатынын айтқан. Қыздың сөзінше, Алматыда ешкім қазақша сөйлемейді.

Оның трансляциясының жазбасы желіге тарап, полиция департаменті іс қозғады. Оның сөздері сараптамаға жіберілді.

«Шынымды айтсам, мен қазақ тілін ұнатпаймын, ол – мәмбеттер тілі» деген сөз тіркестерінде қазақ ұлтын тілдік негізде кемсітетін баға бар және бұл қоғамдық мораль нормаларын бұзады. Мұндай мәлімдемелер қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты қорлау болып саналады. Осы тұста ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыру белгілері бар”, – делінген сараптама қорытындысында.

Элина Лю желі қолданушысы оны осыған жеткізгенін және ашуына тигенін айтып ақталды. Дегенмен Лю қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша сотталып, екі жыл ең төменгі қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді.

Ал оның баласы әжесіне беріледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.