«Мектептер мен балабақшалардан ақша жинаған»: Ақтөбеде білім бөлімінің экс-басшысы ұсталды
Ақтөбе облысында Шалқар аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы қамауға алынды. Бұл ақпаратты аудан әкімі растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Жұмахановтың ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Ақпаратта экс-шендінің қарамағындағылардан 20 млн теңгеге дейін ақша жинағаны айтылады. Ол жергілікті мектептер мен балабақшалардан ақша жинаған болуы мүмкін.
Әзірге аудан әкімі Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Қази Жұмахановтың ұсталғанын растады.
“Кеше естідім. Ұсталды, қамады дегенді. Ақпаратты білмеймін. Істі жүргізген жауапты органнан анықтай аласыз”,- деді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов.
39 жастағы Қази Жұмаханов Шалқар ауданы білім бөлімі басшысы қызметін бір жылдан аса уақыт атқарды. Ол аталған қызметке 2023 жылдың 5 қаңтарында тағайындалған.
Оған дейін Жұмаханов Қаратоғай орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Б.Сүлейменов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директоры және Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы мәліметінше, экс-шендінің өз еркімен қызметтен кеткен.
2024 жылдың 24 сәуір күні Қази Жұмаханов Шалқар ауданы білім бөлімі басшысы қызметінен өз еркімен босатылды.
Айта кетейік, осыған дейін оның Ырғыз ауданындағы әріптесі сотталып кеткен еді. Мұғалімді жұмысқа қабылдау үшін 400 мың теңге пара алды деп айыпталған Ырғыз ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Айбек Алданов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды.
Ақтөбеде білім саласына қатысты қылмыстық істер мұнымен шектелмейді. Биыл Ақтөбе қаласында №55 мектеп есепшісі 400 млн теңгеге жуық ақшаны азарт ойынға салып жібергені үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал бұл мектептің директоры сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу бабымен 4 жылға бас бостандығынан айрылды.