«Мойындау керек»: Мырзағали Айтжанов қазақ боксшыларының өзбектерге жиі есе жіберетінін айтты
Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов соңғы кезде қазақ және өзбек боксын жиі салыстыратындарға жауап берді. Бұл туралы ол Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырған пресс-тур кезінде айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Соңғы кезде қазақ және өзбек боксшыларын салыстыратындар көбейді. Шыны керек, соңғы кезде есеміз кетіп жүр. Оны мойындау керек. Енді біз бұрынғы қалпымызға, бұрынғы биігімізге жету үшін бар күшімізді саламыз. Сол деңгейге жету — басты мақсатымыз», — деді Айтжанов.
Сондай-ақ Мырзағали Құланұлы Қамшыбек Қоңқабаевтың өзбекстандық Бахадүр Жалоловқа қарсы неге шықпағанын тағы да түсіндірді.
«Қамшыбек жарақат алған. Сол себепті оны шығармадық. Бұл халықаралық турнир ғана, алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Өзбекстанда жеребе жолықтырса, екеуі тағы да кездесуі мүмкін. Сол кезде бәрі шешіледі», — деді бас бапкер.
Бас бапкер Болгарияда өткен «Странджа» турнирін қатаң сынға алған жанкүйерлерге де жауап берді.
«Странджа» турниріне біз негізгі құрамды апарғанымыз жоқ. Бірінші нөмірлі спортшылардан 75 келідегі Нұрқанат Райыс пен +91 келідегі Қамшыбек Қоңқабаев қана болды. Қамшыбек жарақатына байланысты шықпағанын айттым. Райыс қола жүлдегер атанды. Қалған боксшыларымыздың барлығы да екінші, үшінші, төртінші нөмірлі спортшылар. Оларды да шыңдап, әлеуетін тексеруіміз керек», — деді Айтжанов.
Боксшылар жиыны. Фото: Қазақстан бокс федерациясы Қазіргі таңда ұлттық құрама боксшылары Англия, Әзірбайжан және Тәжікстан боксшыларымен бірлескен жаттығу жиынын өткізуде.
«Қазіргі таңда команда мүшелері тынымсыз дайындалып жатыр. «Ақбұлақ» базасында бар жағдай жасалған. Мұндай заманауи кешенге шетелдік командалар да таң қалып жатыр. Әлем чемпионаты қарсаңындағы соңғы жаттығу жиынын Түркістан облысында өткіземіз. Әлем біріншілігіне қатысатын команда құрамы сәуір айында толық анықталады. Ал бірінші нөмірлі боксшылар арасында салмақ ауыстыруға қатысты ауыс-түйістер әзірге жоқ», — деді бас бапкер.