«Не деген мейрімді жан»: Астанада барлық оқушының атын жатқа білетін мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді (видео)

Астанада барлық оқушының атын жатқа білетін мектеп директоры қазақстандықтарды таңғалдырды. Қоңырауда балалармен асық ойнап, уақыт өткізетін мекеме басшысы оқушылардың ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдердің де көңілінен шыққан, деп хабарлайды «Еуразия» арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ. 

Телеарна ақпаратынша, мектеп директоры Нұртас Жағабаев тіпті енді табалдырық аттаған бірінші сынып оқушыларының есімін жатқа біледі. Таңда жұмысқа ерте келіп, балаларды өзі қарсы алады. «Биыл тұңғышымыз бірінші сыныпқа барды. Осы мектепке алғашқы қадамды басты. Алғаш келген күннен бастап балаға мектеп қатты ұнады. Біздің оқушы кезімізде мектеп директорын кездестіру деген әркімге бұйыра бермейтін бақ еді ғой. Ал енді мектебіміздің директоры балаларды өзі қарсы алып, ата-ана келсе де өзі шығып, тығыз байланыста», — дейді оқушылардың бірінің әкесі. Мектеп директоры тек бастауыш емес, жоғарғы сынып оқушыларының да тілін таба біледі. Сондай-ақ бос уақытында асық ойнап, балалармен тенис ойнайды.

«Қазіргі уақытта бормен отырып, таяқшамен мен сабақ үйретсек, әрине оқушыларымыз ақпаратты түсініп, қабылдамайды. Оқушыларға олардың өз тілінде сабақ беріп үйренуіміз керек», — дейді білім ордасының басшысы. Директордың қол астындағы қызметкерлері де басшы жайлы оң пікірде. Олардың айтуынша, Нұртас Жағабаев әр қызметкерге түсіністікпен қарап, әрдайым қолдап жүреді. Мектеп директорының видеосын көрген желі қолданушылары да жылы лебіздерін жазуда. «Керемет, басшы деп осындай кісіні айту керек. Не деген мейірімге толы, заманауи, мықты, бас ұстаз», «Мына кісі барлық мектеп директорына үлгі», «Аман болыңыз, еңбегіңіз жемісті болсын», «Қарапайым екені көрініп тұр», «Керемет, мынадай басшысы бар жерде жұмыс жасап жатқан мұғалімдер бақытты шығар», «Не деген мейрімді жан», — деп жазуда көпшілік.

kaz.nur.kz