Риддерде көптен күткен қазақ мектебі ашылды

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 оқушыға арналған заманауи білім ордасы 1 қыркүйекте өз есігін ашты.

Жаңа мектеп қаланың бесінші шағынауданында орналасқан. Ғимараттың жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Үш блоктан тұратын мектепте заманауи оқу кабинеттері, IT сыныптар, зертханалар, шеберханалар және оқушыларға арналған демалыс бөлмелері қарастырылған.

Риддердегі жалғыз қазақ мектебі

Бұл білім ордасының Риддер үшін маңызы ерекше. Қаладағы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы мемлекеттік тілде білім беретін жалғыз орта оқу орны саналады. Оның тарихы 1991 жылы жексенбілік мектептен басталған. 2001 жылы толық орта мектеп мәртебесін алған.

Бұрынғы ғимарат апатты деп танылғаннан кейін оқушылар соңғы жылдары басқа мектептің ғимаратында білім алуға мәжбүр болды. Енді олар жаңа әрі толық жабдықталған мектепте оқиды.

Риддердегі 16 мектептің 12-сі орыс тілінде, үшеуі аралас форматта білім береді. Сондықтан жаңа қазақ мектебінің ашылуы қаладағы мемлекеттік тілде білім алуға сұранысты қамтамасыз ететін маңызды оқиға болды.

Мектеп «Казцинк» компаниясының жеке қаражаты есебінен салынған. Жобаның жүзеге асырылуы Риддердегі білім беру инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, қазақ тілінде сапалы білім алуға мүмкіндік беретін жаңа орта қалыптастырды.