«Тауар түгілі, тас та жоқ»: Мейрамбек Беспаев жарнамалаған сатушыға алданған халық желіде шу шығарды
Халық сүйіктісіне айналған әнші Мейрамбек Беспаевтың жарнамасына сеніп, алданған халық қаражатты қайтаруын талап етіп жатыр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды
Әлеуметтік желіде “Қытайдан тауар әкеліп беремін” деп халықтан ақша жинап алған Арайлым Қожамұратоваға іздеу жарияланды. “Бизнес бастауға 700 миллионға жуық қаражат бердік” деген халықтың қарасы көп. Ең қызығы “Айс Мұратова” деген лақап атпен танылған блогер-сатушыны жарнамалаған Мейрамбек Беспаев болып шықты. Кейбір жәбірленушілер “Мейрамбекке сеніп едік” деп сан соғып қалды. Әншінің өзі видео арқылы блогердің игі істер жасап жатқанын айтқанын көруге болады.
“Айс Мұратова қарындасым, айналайын, амансың ба? Денің сау болсын! Бақытты ғұмыр кеш. Көптеген игі-іс жасап жатыр екенсің, Алла берекесін берсін! Сауапқа кенеле бер!”, – деп “тілек” жолдады.
Видеоның астына желі қолданушылары Мейрамбекті де “жерден алып, жерге салып жатыр”. “Гүлзира Айдарбекова сияқты жарнама жасаймын деп беделіңді түсірдің”, “Алаяқтықты қолдап жарнама жасағаны үшін жазаға тартып, жауап алынуы керек”, “Мейрамбекті де қайырымдылық шарасы деп өтірік алдаған”, “Жарнамаңа қанша теңге алдың?” деген пікірлерді оқып тауысу мүмкін емес.