Түн ішінде хабарласуын қоймайды: Сотта Бишімбаев пен марқұм Нүкенова арасындағы хабарламалар оқылды

Әйелін өлтірді деп айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенова екеуінің жеке хаттары оқылып жатыр. Екеуінің арасындағы хат-хабардан Бишімбаев әйеліне түннің уақытында қайта-қайта хабарласып, тыныштық бермейтіні байқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік айыптаушы марқұм Салтанат Нүкенованың телефонынан Бишімбаев екеуінің Whatsapp желісіндегі хаттарын оқыды. Салтанаттың телефонының паролін айыпталушы Бишімбаев ұсыныпты. Марқұм Бишімбаевты “My love” (Менің махаббатым) деп сақтаған екен. Бишімбаев бұл өз нөмірі екенін растады.  

Екеуінің арасындағы хат-хабар ішінде Бишімбаев Салтанаттың геолокациясы үшін ашуланғанын байқауға болады: 

Бишімбаев: “Мен сені көрмейтін болсам, несіне геолокацияңды қосасың? Мен сені көрмей тұрмын”

Нүкенова: “Менде 1000 жылдан бері солай тұр, үйдің бұл жағында Wi-Fi ұстамайды екен”

Бишімбаев: “Алматыдамын деп салудың не қажеті бар? Осындай көзбояушылық не керек? Қазір “ұмытып кеттім, байқамай қалдым” деген сылтауларыңды айтамысың?.

Сондай-ақ айыптаушы оқыған хаттардан Бишімбаевтың Салтанатқа түн ішінде бірнеше мәрте хабарласуды әдетке айналдырғанын көруге болады. 

“2:32, 2:38, 3:14, 3:19, 3:20, 3:32, 3:37, 3:39-да Бишімбаевтың қабылданбаған қоңыраулары тұр. Жауап бермеген сәтте “Салта, тұтқаны көтер” деп жазған, бірнеше аудиохабарлама жіберген”, – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы Салтанаттың телефонындағы жеке жазбаларын (заметки) да оқыды.

«Қуандық, мен Павлодарға кетіп барам. Енді келмеймін. Бұл күндері мен арамызда еш сезім жоқтығына көзім жетті. Ештеңені сақтап қалғым келмейді. Сен тіпті көзіме шөп салғаның үшін тіпті кешірім сұраған да жоқсың. Оның үшін ештеңе істегің де келмеді. Бәріне мені кінәлап, “психотерапевтке бар” деп қоймадың. Соқырлығың сонша, оныңды көтере алар емеспін. Кешір мені, ұмыт, босат. Бәрін шештім. Ата-анаммен болам, олар маған қарайды», – деп жазған Салтанат.

Сондай-ақ мұндай қарым-қатынастан шаршағанын ақтарыла жазған.

“Сәлем, жаным, осының бәріне жүрегім ауырады. Мен сенің осыған дейін істеген әрекеттеріңді бағалаймын, бірақ мен мұндай қарым-қатынастан шаршадым. Бұл өмір емес. Менің сенің ойыншығың да, балаң да емеспін. Мен ауру емеспін. Сондықтан маған 24/7 маған не істеу керегін үйретудің қажеті жоқ. Менің өз ісім бар. Махаббат пен некені сақтау үшін өзара сыйластық керек. Біз бір-бірімізге тірек болуымыз қажет, жау емеспіз, жарыместер сынды жауласпағанымыз жөн. Екеуміз арақатынасымызды көп талқылағанымызбен, мен бұдан шаршадым. Саған ұрыс-керісті ауыр қабылдаймын деп айтқан едім. Соның кесірінінен жүйкем сыр берді. Енді өз-өзіммен жұмыс істеп, сен үшін өзгеруге тырысамын, саған ұнау үшін бәрін істеймін”, – деген Салтанат.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов — қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.