«Ұлыма жаным ашиды, бірақ оны ақтамаймын»: Бишімбаевтің әкесі Нүкенованың туыстарын тергеуге қысым көрсетті деп айыптады (видео)

Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев тергеу құпиялығын алға тартып, ұлына қатысты іске манипуляция жасап жатқандардың барын айтты. Ол жәбірленушінің туыстары қоғамның назарын пайдалану арқылы тиісті тергеу сараптамаларынсыз ұлының ісін ауыр бапқа ауыстырып жібергенін айтады. Бұл туралы    Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ертісбаев Live Youtube арнасында жарияланған видеосында Уәлихан Бишімбаев сөзін қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына көңіл айтудан бастаған. Ол осы оқиға болған күннен – 9 қарашадан бастап БАҚ беттеріне шыққан әрбір жаңалықты оқып, саралағанына назар аударады. Бишімбаев Конституцияға сәйкес әрбір адамның сөз еркіндігіне құқығы бар екенін айта келіп, қоғамды тергеу құпиялығы бар екенін ескертеді.

Ол осы уақытқа дейін тергеу құпияларын жария етуге болмайтынын жәбірленуші тараппен қоса айыпталушы тарапты да ескертпегенін баса айтады.

Бишімбаев жәбірленушінің ағасы – Қайрат Нүкеновтің түрлі БАҚ өкілдері мен блогерлерге сұхбат беру арқылы тергеу жұмыстарына қысым көрсетіп жатқанын атап өткен.

“Біз қоғамның назарын пайдалану арқылы ұлыма қатысты істі тиісті тергеу сараптамаларынсыз ауыр бапқа ауыстырып жіберді деп есептейміз. Мысалы, КТК арнасына сұхбат берген Қайрат Нүкенов туыстарымен бірге тергеу ісін қадағалайтынын әрі Бишімбаевтардың ІІМ, прокуратурада таныстары бар екенін ашық айтады. Осылайша ол тікелей эфирде тергеу сараптамасына қысым көрсететінін хабарлап тұр. Оның сөзін басқаша қабылдау мүмкін емес”, – дейді айыпталушының әкесі.

Әкесі ретінде ұлы үшін уайымдайтынын жасырмаған Бишімбаев алайда ұлын ақтағысы келмейтінін сондай-ақ ақтау “үлкен кабинеттердің” есігін қақпағанына сендіреді. Ол сонымен қоса Гиперборей арнасына айрықша тоқталған. Бұған дейін Бишімбаев Борейконың «Қуандық Бишімбаев ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін» деген сөзін «оның ұлын, бүкіл отбасын көпшілік алдында қорлау» деп есептеп, үстінен арыз жазғаны белгілі болған.

Бишімбаев ұлының Салтанат Нүкенованы өлтіргісі келмегенін алға тартады.

“Олар отбасын құрып, ары қарай өмір сүргісі келді. Пәтерінде құрылыс жүргізіп, киім бөлмесін Салтанат үшін үлкейтуді қалады. Сол қорқынышты – 9 қараша күні не болғанын біз де білмейміз. Бірақ біз ұлымыздың өлтіру туралы пиғылы болмағанына сенеміз”, – деп қосты Бишімбаев.

Уәлихан Бишімбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдерін шындыққа жанасатын ақпаратты ғана жариялауды сұрады. Сонымен қоса тиісті органдарды ашық әрі әділетті тергеу жүргізуге шақырды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Stan.kz ақпарат агенттігі (@_stan.kz)